Қазақстанда он айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгеге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,5%-ға өсті. Өсім еліміздің 20 өңірінің 16-сында тіркелсе, өндіріс көлемі бойынша Атырау облысы көш бастады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті. 

Қазақстанда он айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгеге жетті
Фото: Статбюро

Биылғы қаңтар-қазанда айларында Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісінің индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,5% болды.

Өнеркәсіп өндірісінің ең жоғары көлемі Атырау облысында тіркелді. Көрсеткіш 14,3 трлн теңге.

  • Қарағанды облысы — 4,7 трлн теңге;
  • Павлодар облысы — 3,7 трлн теңге;
  • Астана қаласы — 3,4 трлн теңге;
  • Маңғыстау облысы — 3,3 трлн теңге.

Өнеркәсіп өндірісінің ең жоғары өсу қарқыны Жетісу облысында (29,9%), Түркістан облысында (23,8%), Алматы қаласында (21,5%), Алматы облысында (19,4%) және Жамбыл облысында (17,8%) байқалды.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіп өндірісінің индексі 12,7%-ға, Астанада 11,6%-ға, Шымкентте 13,3%-ға, Павлодар облысында 8,2%-ға, Ұлытау облысында 7,7%-ға, Маңғыстау облысында 4,4%-ға, Қызылорда облысында 6%-ға, Қарағанды облысында 4,3%-ға, Қостанай облысында 2%-ға және Абай облысында 1,9%-ға өсті.

Жалпы, өнеркәсіп өндірісінің оң динамикасы еліміздің 20 өңірінің 16-сында тіркелді.

Өнеркәсіп өндірісінің негізгі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Есепті кезеңде бұл саладағы өндіріс индексі 109,3% болды.

Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемінің жоғары өсімі жеңіл өнеркәсіпте (59,5%), фармацевтикалық өнімдер өндірісінде (50,9%), машина жасауда (22,2%), химия өнеркәсібінде (21,9%), сондай-ақ резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде (18,1%) байқалды.

Жекелеген өндіріс түрлері бойынша автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің индексі 130,5%-ды құрады. Компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі 83,6%-ға өсті.

Тау-кен өндіру өнеркәсібінде индекс 96,6%, электрмен жабдықтау, газ және бу беру саласында 111,3%, сумен жабдықтау, су бұру және қалдықтарды басқару саласында 108,9% болды.

Бұған дейін Құрылтай депутаты Наталья Годунова өнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың алты бағытын ұсынған болатын.

Айта кетейік, Қазақстанда құрылыс қарқыны артты.