Қазақстанда планшет пен ноутбук бағасы қанша
Қазақстанның ірі қалаларында орташа сегменттегі планшет пен ноутбук бағасында айырмашылық бар. Kazinform агенттігінің тілшісі ұқсас үлгіні салыстырып, олардың бағасын білді.
Бөлшек сауда мен сауда орталықтарындағы бағаны бағамдап, оқу мен жұмысқа қажетті техникалардың қай қалада арзан, қай өңірде қымбат екенін білуге болады. Шын мәнінде логистика мен таңдау бағаға өз әсерін тигізіп тұр. Оқу мен жұмысқа қажетті Xiaomi, Huawei, Samsung маркалы планшеттерін, ASUS, Lenovo, Acer ноутбуктерін қай өңірде тиімді бағаға сатып алуға болатынын бағамдадық.
Еліміз бойынша Көкшетау қаласында планшет бағасы төмен. Мұнда Samsung, Xiaomi және Huawei моделіндегі техниканың бағасы 70-105 мың теңге аралығында. Сонымен бірге 125–160 мың теңгеге мүмкіндігі сәл жоғары планшетті сатып алуға болады. Ал экраны үлкен, аксессуары мол техника бағасы 300-340 мың теңгеге дейін барады. Бұл қалада Acer, ASUS және Lenovo моделіндегі ноутбуктердің бағасы 145-220 мың теңге аралығында. Ryzen 7 және Core i5–i7процессоры бар кеңсе ноутбугі 300-390 мың теңгеге сатылып жатыр. Көкшетауда ойынға арналған құрылғысы бар техника құны 700 мың теңгеден басталып, 1,1 млн теңгеге дейін барады.
Орал қаласында да сұранысы жоғары, қолжетімді планшеттің бағасы 70-150 мың теңге аралығында. Бұл Samsung пен Huawei планшеттерінің ең қарапайым үлгісіне қойылған баға. Көбіне орташа сегменттің (Xiaomi, Samsung) бағасы 100–150 аралығында деп бекітілген. Xiaomi планшетінің бағасы 150–230 мың теңге аралығында. Сондай-ақ өңірде оқу мен жұмысқа ыңғайлы ASUS, Lenovo және Acer ноутбуктерінің бағасы — 180-300 мың теңге. Тұтынушылар үшін құны 250–350 теңге болатын техника да ұсынылған. Алайда оған сұраныс аз. Сонымен бірге бағасы 400 мың теңгеден басталатын модельдері де бар.
Ақтөбеліктер Xiaomi планшетін 83 мың теңгеге де сатып ала алады. Ал Huawei планшетінің бағасы — 180–340 мың теңге. Samsung техникасының қарапайым ғана моделі 65 мың теңге болса, оның құны 350 мың теңгеге дейін жетеді. Кейбірінің бағасы 600 мың теңге болып тұр. Ақтөбедегі сауда орталығында ASUS ноутбугінің бағасы 290 мың теңгеден басталып, орташа сегментінің құны 465 теңгеге жетті. Сонымен бірге қуаты күшті техниканың бағасы 800 мың теңгеге дейін барады. Lenovo-ның орташа бағасы 250-320 мың теңге аралығында. Ал Acer моделінің арзанын 139 мың теңгеге, орташа қуаттылығын 330 мың теңге, жады мен сыйымдылығы жоғарысын 500 000 теңгеге сатып алуға болады.
Ақтауда Huawei, Samsung және Xiaomi планшеттерінің орташа құны шамамен 89-95 мың теңге аралығында. Бұл Huawei MatePad SE 11 (6/128 GB) және Samsung Galaxy Tab A11 техникасының құны. Сонымен бірге Xiaomi планшетінің Redmi Pad желі де көпшілік үшін қолжетімді. ASUS, Lenovo және Acer ноутбуктерінің қарапайым түрін 150-200 мың теңге сатып алуға болады. Қуаты мықтысының бағасы — 400–600 мың теңге және одан жоғары.
Павлодарда Xiaomi планшетінің орташа бағасы 92 мың, ал Huawei мен Samsung бағасы 90-95 мың теңгеден басталады. Бренд пен жинағына қарай бұл өңірдегі планшет бағасы 500-750 мың теңгеге дейін жетеді. Ал ASUS, Lenovo және Acer ноутбуктерінің орташа бағасы 160–220 мың теңге. Сонымен бірге жады мен сыйымдылығына қарай 270–580 теңге болатын техника да ұсынылады. ASUS және Lenovo ноутбуктерінің бағасы тіпті 1,1–1,8 млн теңгеге дейін жетеді.
Таразда да жұмысқа қажетті техника құны осы шамалас. Xiaomi планшетінің бағасы көбіне 90-110 мың теңге аралығында болып тұр. Сонымен бірге жетілдірілген нұсқасын 150-200 мың теңгеге сатып алуға болады. Сауда орындарында Huawei планшетінің бағасы — 150–180 мың теңге аралығында. Samsung планшетінің құны 90 мың теңгеден басталады. Көбіне адамдар 120-140 мың теңгенің техникасын алады. Өңірде ноутбук бағасы 130 мың теңгеден басталады. Lenovo, Acer, ASUS модельдерінің бағасы орта есеппен — 165-250 мың теңге.
Өскемен мен Семейде Xiaomi, Huawei және Samsung планшеттерінің бағасы 90–230 мың теңге аралығында. ASUS, Lenovo және Acer ноутбуктерінің құны — 220-400 мың теңге. Оқу мен кеңсе жұмысына ыңғайлысының бағасы — 260–340 мың теңге аралығында.
Атырауда Huawei планшетінің бағасы 90 мың теңге, Xiaomi-дің бағасы 150 мың теңге, ал Samsung планшетінің құны 95 мың теңгеден басталады. Өңірде ASUS моделінің бағасы 215 мың теңге, Acer құны 160 мың теңге және одан жоғары. Мұнда Lenovo ноутбугі сирек кездеседі. Оның бағасы 200 мың теңгеден басталады.
Қызылордада қарапайым планшет бағасы 110-120 мың теңге болса, әрі қарай 200-300 мың теңгеге дейін көтеріле береді. Ал ноутбук бағасына келер болсақ Acer Aspire Lite планшетінің құны 159 990 теңгеден басталып, орташасының бағасы (ASUS Vivobook Go, Lenovo IdeaPad 3) 229 990–339 990 теңгеге дейін жетеді. Қуатты әрі ойынға арналған ноутбук бағасы 1,1 млн теңге және одан жоғары.
Петропавлда сұранысқа ие Acer, ASUS және Lenovo ноутбуктерінің бағасы 170-250 мың теңге аралығында. Сонымен бірге мүмкіндігі орташа техниканы 350-380 мың теңгеге сатып алуға болады. Сәйкесінше ойынға ыңғайлысының бағасы 550-760 мың теңге және одан жоғары. Планшеттердің (Xiaomi, Huawei, Samsung) арзанын 95 мың теңгеге сатады. Қуаттылығы орташасының құны — 120-160 мың теңге аралығында. Ал премиум құрылғылар құны 500 мың теңгеден жоғары.
Қостанайда Xiaomi, Huawei және Samsung планшеттерінің ең өтімдісі 135-210 мың теңге болса, ең арзаны — 130-150 теңге. Жады жоғары және жиынтыққа пернетақтасы қосылса техника құны 200 мың теңге және одан жоғары болады. ASUS, Lenovo және Acer ноутбуктерінің оқу мен жұмысқа арналған нұсқасының бағасы 290 мың теңгеден басталып, 380 мың теңгеге жетті.
Қарағандыда планшет те, ноутбук те көп. Мұнда кез келген адам қалтасына қарай таңдау жасай алады. Samsung планшеттерінің бағасы 70 мыңнан басталып, 700 мың теңгеге дейінгі жетеді. Ал ең тиімдісі әрі сұранысы жоғарысы — 135-350 мың теңге аралығында. Huawei планшеттері негізінен 150-350 мың теңгеге сатылып жатыр. Ең тиімдісінің бағасы — 200 мың теңге. Xiaomi құрылғыларының бағасы қолжетімді. Өңірдегі баға 80 мыңнан басталып, 130 мың теңгеге дейін жетті. ASUS ноутбугінің құны 190 мыңнан басталып, 2,7 млн теңгеге дейін барады. Тұтынушылар көбіне 560 мың теңгенің оргтехникасын сатып алғанды жөн көреді. Lenovo ноутбуктерінің бағасы 220 мың теңгеден басталып, 3,1 млн теңгеге дейін көтеріледі. Көбіне бағасы 550-600 мың теңгенің ноутбугі сұранысқа ие. Acer-дің бағасы 150 мың теңгеден басталып, 750 мың теңгеге дейінгі жетті. Мұнда да көпшілік 450-550 мың теңгенің техникасын алады.
Жезқазғанда баға сәл жоғары. Samsung планшеттері көбінесе 150-385 мың теңгеге, Huawei 220 мың теңгеге, Xiaomi 90-145 мың теңгеге сатылады. Ноутбуктер арасында ASUS модельдері үлкен сұранысқа ие. Бағасы 209 мың теңгеден басталады. Ал Lenovo-ның құны 242 мың теңгеден басталады. Acer ноутбуктерін адамдар 165-825 мың теңге сатып алады.
Шымкентте ASUS ноутбугі 210-260 мың теңгеге, Lenovo 180-240 мың теңгеге, Acer 170-220 мың теңгеге сатылады. Xiaomi планшеттерінің бағасы 110 мың теңгеден басталса, Huawei 140 мың теңге болып тұр. Samsung планшеті — 160 мың теңге. Ал көпшілік техниканы 150-210 мың теңге сатып алғанды жөн көреді. Huawei планшеттерінің бағасы жад көлеміне қарай 519 мың теңгеден басталады. Ал Samsung Galaxy Tab S10 Ultra-ны шамамен 600 мың теңгеге сатып алуға болады. Ноутбуктер арасында ойын және өнімділігі жоғары нұсқасын да қарастыра аласыз. Lenovo шамамен 640 мың, Acer 740 мың, ал ASUS 750 мың теңгеге дейін барады.
Түркістанда Huawei планшеттерінің бағасы 119 890-199 890 теңге, Xiaomi құны 149 990-199 990 теңге аралығында. Ал Samsung-тің базалық модельдерінің құны 94 890 теңгеден 229 890 теңгеге дейін. Түркістанның сауда орталықтарында ASUS ноутбуктері — 229 990-399 990 теңге, Lenovo — 339 990-499 990 теңге, ал Acer — 239 990-339 990 теңге.
Талдықорған дүкендерінде күнделікті пайдалануға қажетті Xiaomi, Huawei және Samsung планшеттері 120-230 мың теңгеге сатылады. Xiaomi модельдері көбіне 130-160 мың теңгеге, Huawei планшеттері жад көлемі мен жинақталуына қарай 170-220 мың теңгеге бағаланады. Ал Samsung 120-140 мың теңгеге және жаңартылған модельдері 220-230 мың теңгеге сатылып жатыр. ASUS, Lenovo және Acer маркалы ноутбуктің орташа бағасы 230-380 мың теңге аралығында. Оның ішінде Acer және Lenovo-ның ең қарапайымы нұсқасы — 180-230 мың теңге. Ал ASUS, Lenovo және Acer-нің SSD мен жедел жады ұлғайтылған болса, құны 280-350 мың теңге аралығында деп бағаланады.
Еліміздің ірі қалаларында баға жоғары. Астанада Xiaomi, Huawei және Samsung планшеттерінің орташа бағасы — 150-230 мың теңге аралығында. Ал арзаны 150-170 мың теңгеге бағаланады. Жады ұлғайтылғаны, LTE/5G қолдауы және қосымша аксессуарлары бар нұсқасының құны 220-230 мың теңгеге дейін жетеді. Оқу мен жұмысқа қажетті ASUS, Lenovo және Acer ноутбуктері 320-420 мың теңгеге сатылып жатыр.
Алматылықтар күнделікті қолданатын Xiaomi, Huawei және Samsung планшеттерін 150-260 мың теңгеге сатып ала алады. Оның ішінде Xiaomi мен Samsung-тің базалық модельдері 150-170 мың теңге деп бағаланған. Ал Huawei планшеттері, жады ұлғайтылған және LTE/5G ұстайтын Samsung желілерінің бағасы 230-260 мың теңгеге дейін жетті. ASUS, Lenovo және Acer ноутбуктерінің орташа бағасы 330-450 мың теңге аралығында. Қонаев қаласында да баға осы шамалас.

Бұған дейін Kazinform Қазақстан қалаларында педиатр қабылдауының құны қанша екенін жазған болатын.