Қазақстанда Президент сайлауы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның 9 облысы мен республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында дауыс беру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында 724 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Барлық сайлау учаскелері тұрақты және тасымалданатын сайлау жәшіктерімен, қажетті ақпараттық материалдармен қамтылған. 684 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған, арнайы жабдықталған бұрыш қарастырылған. Дауыс беретін орны туралы сайлаушыларға хабар берілді. Сайлау бюллетендері дер кезінде жеткізіліп, күзетке алынған.

Алматы облысында 1040 сайлау учаскесі бар. Оның ішінде 52-сі - уақытша учаске. Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 7549 мүшесі жұмыс істейді. Барлық учаскелер тұрақты және тасымалданатын сайлау жәшіктерімен, қажетті ақпараттық материалдармен қамтылып, мүгедек азаматтардың дауыс беруге қолайлы жағдай жасалған.

Шығыс Қазақстан облысында 1040 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды. Оның ішінде сайлаушылар уақытша келетін 69 сайлау учаскесі бар. Сайлау учаскелерінде 6 770 комиссия мүшесі жұмыс істейді. Дауыс беруге арналған бюллетендер облысқа 3 маусымда жеткізіліп, барлық сайлау учаскелеріне таратылған.

Жамбыл облысында 484 сайлау учаскесінің барлығы еліміздің Орталық сайлау комиссиясының сайлау учаскесін жарақтандыру туралы нұсқаулығына сәйкес толығымен дайын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар дауыс беруі үшін сайлау учаскелерінде талаптарға сәйкес қолайлы жағдайлар жасалған.

Қарағанды облысында 787 сайлау учаскесінде дауыс беру бюлетендерін салуға арналған 2504 кабина орнатылған. Учаскелер тұрақты және тасымалданатын сайлау жәшіктерімен, қажетті ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілген. 751 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай қарастырылған.

Қостанай облысының аумағындағы 782 сайлау учаскесінің барлығы да материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілген. Сайлауды өткізуге қажетті барлық материалдары бар.

Павлодар облысында 543 сайлау учаскесінің барлығына жеткілікті дауыс беру кабиналары орнатылған. Барлық учаскелер тұрақты және тасымалданатын сайлау жәшіктерімен, қажетті ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілген. Учаскелердің барлығында мүгедек сайлаушылардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалған.

Түркістан облысында 889 сайлау учаскесі бар. Әр сайлау учаскесі керекті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған, тұрақты және тасымалданатын сайлау жәшіктерімен, әдістемелік материалдармен толық қамтамасыз етілген. 743 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстар атқарылған.

Солтүстік Қазақстан облысында 663 учаске жұмысын бастаса, соның 93-і Петропавл қаласында орналасқан. Ол учаскелерде сайлау комиссиясының 3691 мүшесі жұмыс істейді. Бұл өңірдегі де сайлау учаскелерінде дауыс беруге арналған кабиналар орналастырып, тұрақты және тасымалданатын сайлау жәшіктерімен, қажетті ақпараттық материалдармен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да дауыс беру құқығын қамтамасыз ету үшін барлық шаралар жүзеге асырылған. 21 мамырға дейінгі ақпар бойынша, облыста 402 мың 506 сайлаушы бар. Айта кетерлігі, бұл өңірде 48 халықаралық байқаушы облыс тұрғындарының дауыс беру барысын бақылайтын болады. Сайлау уақытында 740 полицей қоғамдық тәртіпті қадағалайды.

Нұр-Сұлтан қаласында 303 сайлау учаскесі, оның ішінде 65 сайлау учаскесі Қазақстанның шет мемлекеттердегі өкілдіктерінің жанынан құрылған. Учаскелер материалдық-техникалық жабдықталған, тұрақты және тасымалданатын сайлау жәшіктерімен, әдістемелік материалдармен толық қамтамасыз етілген. Сайлаушылар тізіміне 663 463 адам тіркелген.

Шымкент қаласында 263 учаске жұмыс істейді. Олардың барлығы керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай жасалған.

Алматыда 563 сайлау учаскелері жұмысын бастады. Қала бойынша бүгінде 1 миллион 130 мың 792 сайлаушы тіркелген. Учаскелер тұрақты және тасымалданатын сайлау жәшіктерімен, қажетті ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да дауыс беруі үшін барлық мүмкіншіліктер қарастырылған.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау басталды. Қазақстанның 48 сайлау учаскесінде дауыс беру жүргізіліп жатыр.

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады.

Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында уақыт айырмашылығына байланысты сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де - Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 08.00-де ашылады.

Соңғы жаңалықтар