Қазақстанда резервтегі әскери қызметке арналған келісімшарт бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM - Қорғаныс министрі резервтегі әскери қызметті өткеру туралы келісімшарттың жаңа үлгілік нысанын бекітті. Тиісті бұйрыққа биыл 11 желтоқсанда қол қойылды.
Ведомство мәліметшінше, жаңа келісімшарт үш жыл мерзімге жасалады. Сонымен қатар құжат резервистердің құқықтық мәртебесі айқындалып, резервтегі әскери қызметшілерге қойылатын талаптар мен оларға берілетін кепілдіктер жан-жақты көрсетілген.
Резервистің міндеттері:
1. Қазақстан Республикасының Конституциясын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ жалпы әскери жарғылардың талаптарын сақтау;
2. Осы келісімшартта белгіленген мерзім ішінде резервтегі әскери қызметті өткеру;
3. Жеке қауіпсіздік пен өмірі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ететін жеке қорғаныс құралдарын мақсатына сай қолдану;
4. Халықаралық шарттарға сәйкес Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, біріккен (коалициялық) қарулы күштердің құрамында қарулы қақтығыстарға қатысу;
5. Резервтегі әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт талаптарын сақтау;
6. Уәкілетті органның бірінші басшысы бекіткен дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерін орындау;
7. Өзіне сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы қолдана білу, олардың сақталуын және дұрыс пайдаланылуын қамтамасыз ету;
8. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 28 қазандағы № 776 дсп қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын қорғау жөніндегі нұсқаулыққа» сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жария етпеу жөнінде міндеттеме қабылдау;
9. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қызметтік әдеп нормаларын сақтау;
10. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шектеулерді қабылдау;
11. Әскери мүліктің сақталуын қамтамасыз ету;
12. Әскери қызметішінің жеке мүдделері қызметтік өкілеттіктерімен қиылысқан немесе қайшылыққа түскен жағдайларда жазбаша түрде баянат беруге және командирін (бастықты) дереу хабардар ету;
13. Әскери қызмет мүддесіне нұқсан келтіретін жария сөз сөйлеулерге жол бермеу;
14. Төмендегі жағдайлар туралы командирін (бастығын) жазбаша түрде дереу хабардар ету:
• шет мемлекеттің азаматтығын қабылдау ниеті;
• Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтініш беру;
• егер өзіне белгілі болса, зайыбының (жұбайының) немесе өзінің жақын туыстарының шет мемлекеттің азаматтығын қабылдау ниеті және (немесе) олардың Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтініш бергені туралы жазбаша түрде дереу хабардар ету.
15. Резервтегі әскери қызмет көзделген мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілеген мерзімдер мен тәртіпке сәйкес жауынгерлік даярлық сабақтарына, жиындарға немесе дағдарыс жағдайларындағы жиындарға әскери бөлімге (мекемеге) келу.
Келісімшартта резервтегі әскери қызметшінің келесі құқықтары да бекітілген:
1. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген нормалар бойынша және тәртіппен мемлекет есебінен ақшалай төлеммен, заттай мүлікпен, жабдықталымның басқа да түрлерімен қамтамасыз етілу;
2. Біліктілігін, қабілетін және қызметтік міндеттерін адал орындауын ескере отырып, қызмет бойынша өсу;
3. Өзіне қатысты қабылданған шешімдер мен әрекеттерге (әрекетсіздікке) жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға, сондай-ақ сот тәртібімен шағымдану;
4. Уәкілетті лауазымды тұлғамен келісу арқылы әскери оқу орындарына түсуге, курстық, кәсіптік даярлықтан, қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өтуге, сондай-ақ әскери емес мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсуге;
5. Қауіпсіздік техникасы мен гигиена талаптарына сай келетін қызмет жағдайларына және денсаулықты қорғауға;
6. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына немесе жеке мүлкіне келтірілген зиянның өтелуіне;
7. Жауынгерлік даярлық сабақтары мен жиындары немесе дағдарыс жағдайларындағы жиындар кезеңінде келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге көзделген көлемде бюджет қаражаты есебінен медициналық қамтамасыз етуге;
8. Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде арнайы құралдарды, қару-жарақты сақтауға, алып жүруге және қолдануға;
9. Өз құқықтарын, қызметтік және арнайы міндеттерін айқындайтын құжаттармен танысуға;
10. Жеке ісіне енгізгенге дейін олардың қызметтік ісі туралы пікірлермен және басқа да құжаттармен, жеке іс материалдарымен (мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтер бар арнайы тексеру материалдарын қоспағанда) танысуға, сондай-ақ жеке іске олардың жазбаша түсініктемелерін және басқа да құжаттар мен материалдарды тіркеп қосуға;
11. Өзінің және отбасы мүшелерінің дербес деректерінің қорғалуына;
12. Әскери қызмет ерекшеліктерін ескеріп, тиісті ұйымдық-техникалық және санитариялық жағдайға;
13. Жауынгерлік даярлық жиындары немесе дағдарыс жағдайларындағы жиындар кезінде тамақпен қамтамасыз етілуге;
14. Жауынгерлік даярлық сабақтары кезінде түскі аспен қамтамасыз етілуге;
15. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктерді, кепілдіктер мен өтемақыларды қоса алғанда, өзінің және отбасы мүшелерінің құқықтарының сақталуына.
Айта кетейік, Қазақстанда резервтегі әскери қызмет 2025 жылдан бастап енгізілді. Бастапқы кезеңде Қорғаныс министрлігі еліміздің барлық өңірінен шамамен 2 мың резервисті қабылдауды жоспарлаған.
Еске сала кетейік, Мәжіліс резервтегі әскери қызметке қатысты заңды қабылдаған.
Сонымен қатар елімізде резервтегі әскери қызметкерлер міндетін өтеу кезінде олар айлық жалақы ала ма? Бұл сұраққа ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі жауап берген еді.