Қазақстанда сейсмикалық талапқа сай келмейтін құрылысқа рұқсат берілмейді
Қазақстандық мамандар сейсмикалық аудандастыру картасын әзірледі. Енді елдегі құрылыс сейсмикалық ережеге сәйкес жүргізіледі. Бұл туралы Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жер сілкінісін болжау мәселелері бойынша XI Қазақстан-Қытай халықаралық симпозиумы өз жұмысын бастады.
Шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің аумағын, халықтардың сейсмоқауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіпті азайту. Сонымен қатар – осы саладағы ғылымды, кешенді сейсмомониторингті және жер сілкінісінің алдын алу жүйелерін дамыту, екіжақты және жан-жақты трансшекаралық байланыстарды кеңейту.
«Жер сілкінісі қауіпін анықтау мәселесі бойынша, қазір еліміздің сейсмолог мамандары өздерінің ғылыми бағдарламалары бойынша қауіпті аймақтарды аудандастыру картасын жасады. Олар өндіріске енгізілді. Картада елдің сейсмологиялық материалдары, сейсмологиялық құжаттар мен деректер бар. Сондай-ақ құрылыс нормалары жасақталды. Осыны басшылыққа ала отырып Қазақстанда құрылыс сейсмикалық ережеге сәйкес жүргізіледі», – дейді Нұрсәрсен Өзбеков.

Сонымен қатар мәлім етілгендей, карталардың негізінде қай жерде, қай елді мекен аумағында жік барын немесе топырақ ерекшеліктеріне байланысты сол жерде тұрған ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігін нығайту қажеттілігін анықтауға болады.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі ЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рустамбек Амриннің айтуынша, қазір халықты қауіп-қатерден сақтау үшін сейсмикалық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін көтеру – негізгі мәселелердің бірі.
«Ғалымдар мен мамандардың зілзаланы болжау теориясы мен әдістерін әзірлеу, сейсмикалық қауіпсіздікті бағалау және жер сілкінісіне төзімді құрылыс бойынша бірлескен жұмысы келтірілетін шығындарды азайту үшін орасан зор теориялық және практикалық маңызға ие. Бүгінгі таңда ТЖМ сейсмикалық қауіпсіздігін күшейту мақсатында Мемлекет басшысы сейсмосаланы дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу мәселесіне қолдау білдіруде. Бұл өз кезегінде елдің сейсмикалық қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз етіп қана қоймай, сейсмология саласының ғылыми әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Рустамбек Амрин.

Шараны ҚР ТЖМ Сейсмологиялық бақылау және Зерттеу ұлттық ғылыми орталығы және Қытай жер сілкінісі әкімшілігі жанындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының жер сілкінісі жөніндегі агенттігі бірлесіп ұйымдастырды.
Ертең симпозиум аясында секциялық баяндамалар тыңдалады. Ал 28 қыркүйек күні Алматы облысындағы жер сілкінісіне палеосейсмологиялық зерттеулер жүргізу орнына экскурсия ұйымдастырылады.
