Қазақстанда шала туған сәбилерге қандай күтім көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM – 2008 жылдан бастап Қазақстанда дене салмағы 500 граммнан асатын балаларға күтім көрсетіліп келеді. Бұл туралы ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова айтып берді.

«Қазір реанимация, күтім және катамнезді қамтитын үш кезеңді күтім жүйесі жүзеге асырылып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тиімді перинаталдық технологиялар мен қауіпсіз аналық принциптері енгізілді. Қазақстан Республикасы ДДСҰ-ның омырау сүтімен қоректендіруді қорғау, қолдау және ынталандыру, сондай-ақ балаға мейірімді қарым-қатынасты қолдайтын клиникалар желісін кеңейту бастамасына қолдау көрсетеді», - деді М. Ембергенова Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен бірге, медициналық және әлеуметтік жағдайлар болса, балалар бір жыл бойы бейімделген сүт қоспаларымен тегін қамтылады.
«Неонаталдық хирургияның дамуы және бұл технологиялардың өңірлерге таралуының арқасында туа біткен ақаулары бар нәрестелердің 86%-ы өмір сүріп кете алды. Жыл сайын орта есеппен туа біткен ақаулары бар 1500 нәрестеге ота жасалады. Жаңа туған нәрестелерге аз инвазивті эндо-видеохирургия үлесі 40%-ға дейін өсті», - деді спикер.
10 перинаталдық орталықта неонаталдық хирургия бөлімдерінің ашылуы нәрестелердің өмір сүру мүмкіндігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.
«Қазақстанның перзентханаларында «Ашық неонаталдық реанимация» жүйесі енгізілді. Яғни, шала туған нәрестелердің ата-аналары реанимация бөлімшелеріне баруға, баласына қарауға, кенгуру әдісі бойынша «теріге тері» байланысын жүзеге асыра алады. Бұл, әрине, баланың жақсы дамуына, жақсы салмақ қосуына әкеледі», - дейді «Астана медицина университеті» КеАҚ неонатология кафедрасының меңгерушісі Күләш Жақсылықова.