Қазақстанда сотталған адамдар қандай жұмыс істеп жүр
АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылы еліміз бойынша сотталған жандардың ішінде еңбекке қабілетті 23 431 адамның арасынан 11 031-і жұмысқа орналасты. Ал биыл 21 829 адамның 13 252-сі еңбекпен қамтылды.

Бұл туралы Kazinform агенттігінің сауалына ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жауабында айтылған.
— Мекеме әкімшілігі сотталған адамдарды мекеменің шаруашылық қызмет көрсету қызметіне, қылмыстық-атқару жүйесінің өндірістік кәсіпорындарына, басқа да мемлекеттік ұйымдарға, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі ұйымдарға міндетті түрде жұмысқа орналастырады. Ең алдымен сот үкімі бойынша атқарушы парағы бар сотталғандар еңбекке тартылады. Бүгінде мекеме әкімшілігі ұсынған жұмыстан бас тарту фактілері тіркелген жоқ, — деген жауап алдық ведомстводан.
Жұмысшылардың еңбекақысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, еңбек шарты негізінде төленеді. Ай сайынғы жалақыдан заңнамада белгіленген мөлшерде, яғни кемінде 50%-ы ұсталады.
— Келтірілген залалды өтеу сомасы сотталған адамның табысына тікелей байланысты. Сонымен бірге, талапты өтеу мөлшері шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтініштерді қарау кезінде маңызды рөл атқарады, бірақ қамау жағдайына әсер етпейді, — деп түсіндірілген.
Сотталған жандардың еңбекақысы Еңбек кодексіне сәйкес екі нысанда төленеді — мерзімді және келісімді. Мерзімді ақы төлеу кезінде жалақы нақты жұмыс істеген уақытына белгіленген тарифтік мөлшерлеме немесе жалақы негізінде есептеледі. Келісімді төлем кезінде — орындалған әр жұмыс орындалуы немесе дайындалған өнімге қарай төленеді.
— Жалақы мөлшері әр азаматқа жеке қарастырылады, ең төменгі мөлшері — 6 мың теңге, ең жоғарғысы — 250 мың теңге. Шаруашылық қызмет көрсету саласында жалақы мөлшері бекітілген, яғни ең төменгі жалақы көлемінде — 85 мың теңге, — дейді министрліктен.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнама аясында шағын және орта бизнес субъектілерімен ынтымақтастық орнатылған. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде кең ауқымды өнімдер шығарылады, оның ішінде формалар, мүлік, заттар, азық-түлік, ағаш және металл бұйымдары, құрылыс материалдары тағы сол сияқты.
Мекемелерде жазасын өтеуші жандарды техникалық және кәсіптік біліммен қамту қатар жүреді. Мамандықтар тізімі мекеме әкімшілігімен, жергілікті атқарушы органдармен келісім негізінде, еңбек нарығының мониторингіне сүйене отырып құрастырылады. Оқу процесін ұйымдастыру уәкілетті органның білім саласындағы уәкілетті органмен келісілген қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
— 2023–2024 оқу жылында 2 884 сотталған жан білім алып, мамандықтарды меңгерді. Оның ішінде токарь, тігінші, автослесарь, газ-электр дәнекерлеуші, аспаз, дәнекерлеу ісі тағы басқа. Өткен оқу жылында 200-ден астам азамат қысқа мерзімді курстан өтіп, сертификат алды. Олар тырнақ стилисі, шаштараз, аспаз, тігінші кәсібін меңгерді. Жазасын өтеп жандардың ІТ-мамандығын меңгеруі техникалық себептерге байланысты қазір мүмкін емес, — деп хабарлайды ІІМ.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі түрмеде дәстүрлі дінге қайтқандарды өзге сотталғандардың діни сауатын ашуға тартқаны туралы жазған едік.