Қазақстанда сотталғандарға арналған электронды білезік тағу жүйесі сынақтан өтті

«Біз Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті үшін арнайы жүйе жасап шығардық. Мәселен, қылмыс жасап, түрмеде отырған адамдарды түрмеде ұстамай-ақ қойса болады. Демек, ауыр қылмыс жасамаған адам үйінен шықпай-ақ жазасын өтей алады. Яғни, біз оларға арнайы білезік жасаймыз. Біз өткен жылы Ғарыш технологиясының институтында осы білезікті жасадық. Израильдықтармен, америкалықтармен конкурсқа барып, жеңдік. Білезіктің жобасы арқылы бағдарлама жасадық», - дейді қазақстандық ғарыш спутниктерінің мүмкіндігін таныстырған ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.
Министр білезік бойынша үш ай бойы пилоттық жоба жүргізілгенін айтады.
«Жоба барлығының да көңіліне қонған секілді. ҚР ІІМ-нің шешімін бір жыл бойы күтіп отырмыз. Әлбетте, бұл үшін шеттен қосымша бөлшектерді қолданамыз. Бірақ, бұның барлығы негізінен отандық бағдарламалар», - дейді министр.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері Астананың іргесінде тұрғызылып жатқан Ұлттық ғарыш орталығында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан болатын. Комитет мүшелері орталықта тәжірибелік өндірісі бар ғарыштық техниканы құрастырушылық-технологиялық бюросын аралады.