Қазақстанда табиғи шыршалар қалай өсіріледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Шырша — Жаңа жылдың басты нышаны. Жаңа жылды қызыл-жасыл шаммен көмкерілген әсем шыршамен қарсы алуды дәстүрге айналдырғандар, шырша таңдауға келгенде қиналады. Өйткені, оның екі түрі бар. Табиғи және жасанды.

Әр нұсқаның жақсы және жаман жақтары тағы бар. Кazinform агенттігінің тілшілері бір қылқан жапырақты ағашты өсіруге қанша уақыт пен күш жұмсалатынын, сатылымда қандай тенденциялар байқалатынын және тұрғындар қайсысын жиі таңдайтынын анықтап көрді.
Шырша — қарағай тұқымдасына жататын биіктігі 30-50 метр, баяу өсетін қылқанжапырақты ағаш. 15-20 жылға дейін өте жай, кейін жылына 30 см-ге дейін өсетін болады. Мәңгі жасыл өсімдік болғанымен, 6-12 жылда қылқандарын кезекпен түсіріп, жаңарып отырады.
Қылқан жапырақты ағаштарды өсірудегі қиындықтар
«Зеленстрой НС» компаниясы директорының орынбасары Нариман Мұстафаевтың сөзінше, қылқан жапырақты ағаштарды өсіру оңай шаруа емес, әсіресе климаттық факторлар өз ережелерін талап ететін Қазақстан жағдайында.

Сондай-ақ ол жергілікті тәлімбақта шырша мен қарағай өсірудің қиындықтары мен ерекшеліктеріне тоқталды.
Қазір серіктестіктің қарамағында Алматы облысы Қаскелең қаласында екі тәлімбақ бар. 2007 жылы құрылған тәлімбақтарда тек қылқан жапырақты ағаштарды ғана емес, сонымен қатар біржылдық және көпжылдық гүлдерді, бұталарды, жапырақты ағаштарды, терек, қарағаш, үйеңкі, емен, шетен, сәндік ағаштары тіпті көгалдар өсіріледі. Барлық өсімдік Қазақстанда жақсы өсу үшін жергілікті климатқа бейімделген.

– Бізге Қазақстанға негізінен 30 сантиметрден басталатын жас көшеттер әкелінеді. Бірі 60-80 сантиметр, енді бірі көп күтпес үшін бірден биіктігі бір метр болатын көшетті, жергілікті жағдайға бейімдеп өсіреді, — деп түсіндіреді Нариман Мұстафаев.
Қылқан жапырақты ағаштардың ішінде тянь-шань шыршасы немесе шренк шыршасы сияқты жергілікті түрлер ерекшеленеді.

— Ол доп сияқты дөңгелек және өте баяу өседі, өйткені бұл табиғи тұқым. Еуропадан әкелінген, будандастырылған шыршалар тез өседі. Жылына 40 сантиметрге дейін жетеді, — деп толықтырды ол.
Нариманның айтуынша, шырша өсіру уақыт пен шыдамдылықты қажет етеді.

— 2007 жылы баққа 30 сантиметрлік көшет отырғыздық. 17 жылда 6 метрге жетті. Кейбіреулер 4 метрге дейін өсті. Ағаш — тірі организм, ол адамдар сияқты: бірі биік болса, енді бірі аласа, — дейді ол.
Тағы бір тәлімбақ иесі Елена Уланова ағаш өсіру шыдамдылық, білім және қомақты қаражатты қажет етеді дегенге толық келіседі. Оның шаруа қожалығы сонау 1995 жылы Батыс Қазақстан облысында гүлді және сәндік өсімдіктерді өсіруге маманданған кезде пайда болды.

Қазір жеміс ағаштарын, бұталарды, таңқурай мен құлпынай сияқты жидектерді, сондай-ақ қарағай мен шырша сияқты қылқан жапырақты ағаштарды өсіруді қолға алды.
— Біздің аймақта климаттық жағдайға байланысты қарағай өсіру қиын. Былтыр талпынып көрдік, бірақ сәтсіз болды. Біз отырғызған жабық тамыр жүйесі бар екі жылдық қарағай көшеттері күзде ылғалды топыраққа, қардың болмауына және қыстағы қатты аязға байланысты үсіп қалды. Қарағайдың 1,5 — 2 метрге жетуі үшін кем дегенде 6 жыл күтім қажет, — дейді ол.
Оның айтуынша, Қазақстанда сатылатын кесілген қылқан жапырақты ағаштардың көбі Ресейден әкелінген. Олардың құны бізге қарағанда төмен.

— Ресейдің ну орманында, табиғи жолмен өзі өсіп шыққан, ерекше күтімді қажет етпейтін шыршалар бізге жеткізіліп жатыр. Әлбетте, кесу үшін өсірілген шыршаны 3 мың теңгеге сатуға болады. Бірақ Қазақстанда шыршалардың арзан болуы мүмкін емес. Бәлкім өздері орманда өскен болса және ағаштардың тығыздығын жою үшін санитарлық талапқа сай оталса, арзан болатын шығар, — деп түсіндіреді ол.
Кішкентай ағаштар жақсы тамыр алады
Нариман Мұстафаев қалаларға немесе ғимарат маңына кішкентай ағаштарды таңдаған дұрыс екенін атап өтті. Көлемі кішірек болса, өмір сүру деңгейі соғұрлым жоғары болады. Биік ағаштарды отырғызуға болады, бірақ тәуекел жоғары, бәрі топыраққа байланысты. Егер бес метрлік шырша отырғызсаңыз, кесек диаметрі 1,2 метрден 1 метрге дейін болуы керек. Үш метрлік ағаш үшін 80-ден 60 см-ге дейін Еуропада бес метрлік шыршалар өмір сүру кепілдігімен ұсынылады, өйткені олар масштабтау әдісін пайдаланады. Бірақ бағасы 10 мың еуроға дейін жетуі мүмкін.

— Ағаштың тез өсуі микро және макроэлементтермен үнемі қоректенуге байланысты. Тыңайтқыштар неғұрлым көп болса, шырша соғұрлым жақсы өседі, инелері қалың және жарқын болады. Бұл ереже қарағайға да, аршаға да қатысты. Дегенмен, қайта отырғызу, тыңайту, суару және кесу уақыт пен шығынды талап етеді. Қала жағдайында қылқан жапырақты өсімдіктер нашар өседі. Қылқан жапырақты ағаштарды саябақтар мен алаңдарда, жолдардан алыс жерде отырғызу ұсынылады. Көше бойындағы қылқан жапырақты ағаштар ерекше күтімді қажет етеді, — дейді маман.
Шырша немесе қарағай
Көптеген ұсыныстардың ішінде ең танымал — өзіндік сипаттамалары, артықшылықтары мен кемшіліктері бар шырша мен қарағай.

Елена Уланованың айтуынша, қарапайым қарағайлар шыршаға қарағанда талапшыл емес. Олардың тұқым өнгіштігі жоғары, тез өсіп, Қазақстанның климатына тез бейімделеді. Қарағайдың ұзын инелері мен көлемді пішіні бар, ал шырша өзінің қалың бұтасымен ерекше, әсем көрінеді.
— Біздің тәжірибемізде қарағай барлық жағынан жеңілірек: шыршаның көшеті өте баяу өседі, ал қарағай тез көтеріледі. Түсі қанық ағаш сұлулық жағынан жеңеді және оны жаңа жылға әркім өз үйінің төрінде көргісі келеді, — дейді ол.
Айтуынша, Қазақстанда жұмыс күші қымбат, сондықтан тек егуге, өсіруге болатын тамыры бар көшеттерді ғана сатамыз. Біз оны жаңа жылда сату үшін өсірмейміз, бұл өте қымбат, — дейді ол.

Спикердің сөзінше, Оралда бір жарым метрлік топырақты көшет шамамен 20 мың теңге тұрады.
— Кейбіреулер шыршаны немесе қарағайды контейнерлерге салып сатып алып, мерекеде үйіне орналастырып, кейін далаға шығарып, көктемде өз ауласына отырғызады. Бірақ шырша температураның өзгеруіне төзе алмайды және ыстықта балғындығын тез жоғалтады. Жаңа жылдық шыршаны қарағай сияқты үйде ұзақ ұстау мүмкін емес, өйткені ол сарғайып кетеді, — деп түсіндірді Елена Уланова.
Танымал түрлері мен бағалары
Нариман Мұстафаев Қазақстанда шыршалардың жергілікті және сырттан әкелінген түрлері де сұранысқа ие екенін атап өтті. Мысалы, тянь-шань шыршасы өзінің табиғи сұлулығымен танымал, ал көкшіл түсті Blue Diamond, Glauca сияқты шыршалар ерекше түсімен жоғары бағаланады.
— Біз көк шырша көшеттерін сатып аламыз, бірақ олардың уақыт өте келе түсі өзгеріп, көгілдір болады. Бұл қалыпты жағдай. Glauca көгілдір түсті болуы мүмкін, ол кішкентай, пішіні шар тәрізді, бірақ ине құрылымы біздің тянь-шань шыршасына ұқсайды, — дейді Нариман.
Оның айтуынша, үш метрлік Blue Diamond бағасы жарты млн теңгеге дейін жетеді.
Қылқан жапырақты ағаштардың бағасы олардың мөлшері мен түріне байланысты. Кәдімгі жасыл шыршаның бір желілік метрі 30-50 мың теңге, көкшіл шырша 50-100 мың теңге аралығында.
Ол қылқан жапырақты ағаштарды отырғызудың ең жақсы уақыты — күз екенін тілге тиек етті. Сондықтан жаңа жылдық мерекелерде емес, осы уақытта сұраныс жоғары болады.
Сарапшы кейбір клиенттер қылқан жапырақты ағаштарды жаңа жылдық нышан ретінде сатып алады. Бірақ бұл өте сирек кездесетінін атап өтті.
Базарда шырша саудасы қызып тұр
Дүкендер мен базарлардан қылқан жапырақтылардың неше түрін табасыз. Бағасы да әралуан. Саудагерлер желтоқсанның соңғы күндерінде шыршаға сұраныс тіптен артатынын айтады.
Алматылық Рауан Сәбитұлының шырша сатумен айналысқанына 20 жылға жуықтаған. Оның сауда нүктесінде жасанды шыршаның алуан түрі бар.

— Мына жасанды шыршаның бәрі Қытайдан жеткізілген. Бұрынғыдай емес, сапасы өте жақсы. Белгілі талаптар мен сипаттамаларын ескереміз. Шыршаның иісі болмауы керек. Химиялық иіс нашар сапа белгісі. Бұндай ағаштардың түсі жасыл, көк, тіпті қызыл да болуы әбден мүмкін. Біз табиғи бояулы шыршаны таңдаймыз. Өйткені, оларға сұраныс бар, — дейді Рауан.
Айтуынша, биыл шырша бағасы өткен жылмен салыстырғанда 10-20 пайызға қымбаттады.

Адамдар негізінен жасанды шыршаны таңдайды. Өйткені оны жылда қолдануға болады.
— Бағасы биіктігі мен түріне байланысты болады. Ақ, жасыл, ойыншық ілінген, төбесін қар басқан шыршалар бар. Мысалы 180 см жасанды шырша 18-20 мың теңге көлемінде. Екі метрлік шырша 30 мың теңге. 4 метрліктердің бағасы 50 мың теңгеден басталады және одан жоғары.
Ел арасында «Барахолка» атанып кеткен базардан табиғи шыршаны кездестірмедік. Сатушылар жылдан-жылға тірі шыршаны қолданушылардың қатары азайып келе жатқанын жеткізді.

— Қуанарлығы жылдан-жылға табиғи шыршаны қолданушылардың қатары азайып барады. Тіпті, жоқ десекте болады. Мысалы, біз биыл табиғи шырша сатпадық. Ал жасанды шыршаның бағасы қолданылған материалға байланысты. Негізі Еуропадан жеткізілген шырша қымбат. Ал Қытай шыршасы арзан болады, — деді Лала есімді сатушы.
Рауан Сәбитұлының сөзінше, сатуға арналған табиғи шыршаны көбі жеке тәлімбақта өсіреді.

— Кейбіреулері Ресей, Қырғызстан, Қытай сияқты басқа елдерден әкеледі. Дегенмен, сатушылардың тірі шыршаларды сатуға рұқсаты болуы керек. Табиғи шыршаға сұраныс болмағандықтан, бізде биыл оған тапсырыс бермедік, — дейді ол.
Тұрғындардан «Шыршаның қай түрін таңдайсыз?» — деп сұрап көрдік. «Тірі немесе жасанды?»
Жауап төмендегідей болды:
— Әрине, нағыз орман сұлулығының көрінісі мен иісін ештеңемен салыстыруға болмайды. Бірақ, оның бағасы да айтарлықтай деп ойлаймын.
— Жасанды шыршаны таңдаймыз. Өйткені, оны бес, жеті, он, мүмкін он бес жыл бойы пайдалануға болады. Бұл артық шығынсыз дегенді білдіреді.

— Тірі ағашты кесуге болмайды, обал. Шырша-ең сұлу ағаштардың бірі. Олардың барлығы табиғаттың бізге берген сыйы. Табиғаттың тарту еткен сыйын аялау, оған қамқорлық жасау, қадірлеу адамзаттың міндеті. Сондықтан, жасанды шыршаны қолдан жөн.
— Жасанды шыршаны сатып алу экологиялық таза шешім, — дейді алматылықтар.
Осыған дейін Қазақстанда Жаңа жылдық шыршалар құны қанша тұратыны туралы жазған едік.
Бұдан бөлек, Алматыдағы жаңа жылдық шыршалар жәрмеңкесі туралы айтқан болатынбыз.