Қазақстанда «табыстың қарыз коэффициенті» бекітіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов үкімет отырысында 2026 жылдың бірінші жартысында «табыстың қарыз коэффициенті» бекітілетінін айтты.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған шара қабылдамақ
Фото: Pexels

- Халықаралық практикада қарыз алушылардың төлемге қабілеттілігін бағалап, жалпы берешегін шектеу үшін табыстың қарыз коэффициенті дейтін құрал кеңінен қолданылады. Осы коэффициенттің нақты мәндері есептеліп бекітіледі. Аталған құралды келесі жылдың бірінші жартысында іске қосу жоспарланып отыр, - деді ол.

Тимур Сүлейменов қарыз алушының борыштық жүктемесіне қойылатын талаптар қатаңдатылатынын да айтты.

- Қазіргі борыштық жүктеме коэффициентінің мәні 0,5 болып отыр. Ұлттық банк борыштық жүктеме коэффициентінің шекті деңгейін төмендетіп, есепке алынатын кірістер құрамын өзгерту қажеттілігін қарастырады.

Қамтамасыз етілмеген кредиттердің маржасын төмендету және тұтынушылық кредиттеудің теңгерімсіз өсуін шектеу үшін жылдық шекті мөлшерлемені кезең-кезеңімен төмендету жоспарда бар, - деді Ұлттық банк басшысы.

Сондай-ақ, бүгінгі Үкімет отырысында Қазақстан аумағында жедел респираторлық вирустар мен тұмаудың өршуі желтоқсанның ортасына дейін жалғасуы мүмкін екені айтылды.

 

Соңғы жаңалықтар