Қазақстанда тұңғыш рет информатикадан халықаралық олимпиада өтеді
Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өтетін «ІОІ-2015 International olympiad in informatics» олимпиадасында әлемнің 80-нен астам елінен 630-ден аса делегаттар қабылданады.
Қазақстан информатика пәнінен Халықаралық олимпиаданы өткізу құқығына ие болған Беларусьтен кейінгі екінші мемлекет. ІОІ-2015 Қазақстанда өткізу туралы шешім 2012 жылы Италияда Халықаралық Олимпиада ұйымдастыру комитетімен қабылданды. ІОІ-2015 ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Бұл әлемдік деңгейдегі үздік зияткерлік атағына күш сынасатын әлемнің ең мықты жас программистерін жинайтын сайыс. Информатикадан ІОІ-2015 Халықаралық олимпиадасында Қазақстан намысын информатика пәнінен Еуразиялық олимпиаданың күміс медаль, Халықаралық олимпиаданың қола медаль, математика, физика, информатика пәндері бойынша Жәутіков олимпиадасының күміс медаль иегері Данияр Маминов; информатика пәнінен Еуразиялық олимпиаданың күміс медаль, математика, физика, информатика пәндері бойынша Жәутіков олимпиадасының күміс медаль иегері Мейрамбек Өмірзақ; информатика пәнінен Еуразиялық олимпиаданың күміс медаль иегері Бекжан Бекболатұлы; информатика пәнінен Еуразиялық олимпиаданың күміс медаль иегері Алтыбай Назарбек қорғайтын болады. Халықаралық олимпиаданың ашылу салтанаты 2015 жылғы 27 шілде сағат 15.00-де Алматы қаласы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтеді.