Қазақстанда тұрмыстық қоқыстың 25%-ы қайта өңделеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық жиналады, ал оларды қайта өңдеу деңгейі өткен жылы 25,8% болды. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев айтып берді.

қоқыс жинау
Фото: ҚазАвтоЖол

− Жағдайды жақсарту үшін заманауи инфрақұрылым белсенді дамып келеді. Қалаларда қайта өңделген заттар үшін бонус төлейтін экобокстар мен фандоматтар орнатылып жатыр. Ай соңына дейін пилоттық режимде Астана мен Жезқазғанның 129 мектебінде қоқысты бөлек жинауға арналған 1000-нан астам экобокс орнатылады. Бұл шара полигонға кететін қоқыс көлемін азайтуға ықпал етеді, − деді М.Ошурбаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қалдықтарды сұрыптау мен қайта өндеу үшін инфрақұрылым құру жұмыстары да жалғасын тапты. Қазір 63 жоба мақұлданды, бұл жыл сайынғы өңдеу қуатын 1,1 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

Оның ішінде 14 жоба 52,4 млрд теңге қаражат алды, ал 106,9 млрд теңгеге тағы 23 жоба сараптаманың соңғы сатысында тұр. Бірқатар жоба іске асыру кезеңіне өтті, кейбірі бойынша жабдықтар орнатылып жатыр.

− Мысалы, Қостанай облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және құрылыс қалдықтарын қайта өндеу жобасы қолға алынды. Қазіргі таңда қоқыс сұрыптау кешені мен жылжымалы ұсақтағыш сатып алынды. Жоба жыл сайын 50 мың тонна тұрмыстық қалдықты және 70 мың тонна құрылыс қалдықтарын сұрыптауды көздейді, − деді вице-министр.

Еске сала кетсек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен жылдан бері ел бойынша 1,4 млн тонна қалдық жиналып, 2,4 млн ағаш отырғызылды. Акцияға шамамен 9 млн адам қатысқан, оның ішінде 450 мың ерікті бар.

Өткен жылы Telegram-да іске қосылған @TazaQazBot тұрғындардың 22 мың шағымын қабылдады, оның 21 мыңнан астамы орындалды.

Соңғы жаңалықтар