Қазақстанда тұрмыстық техника, жиһаз, қағаз өндірісі артқан
АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы 11 айда өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларында 5,3 пайыз өсім байқалды. Бұл көрсеткіш металлургия өнеркәсібі, машина жасау, химия, дайын металл бұйымдары және жиһаз өндісі есебінен қамтамасыз етілді.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтың айтуынша, металлургия өнеркәсібі 2016 жылдан бері алғаш рет 7,2% өсті. Оған Qarmet-тің толыққанды жұмысын қалпына келтіру жұмыстары, сондай-ақ «Қазхром», «Қазақмыс», «ЕвразКаспианСталь», «Ақтөбе рельс-аралық зауыты» сияқты бірқатар ірі кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайтуы ықпал еткен.
«Түсті металлургия саласы мыс өндіру көлемінің 13,3%, мырыштың 0,8% және алюминий өндірісінің 1,5% ұлғаюы есебінен 4,8%-ға өсті. Машина жасау саласында ауыл шаруашылығы техникасы 15,4%, темір жол көлігі 1,6 есе, электр жабдықтары 8,1%, электронды-оптикалық жабдықтар және компьютерлер көлемі 1,7 есе артты. Жаңа өндірістерді іске қосу есебінен тұрмыстық техника өндірісі 4,4 есе өсті», - деді Олжас Сапарбеков.
Химия өнеркәсібінде күкірт қышқылы 20%, сары фосфор 13,2%, сондай-ақ полипропилен өндірісінің жоспарлы жобалық қуатының 49% ұлғаюы есебінен өндіріс көлемі 8,4 пайызға өсті.
Сондай-ақ, дайын металл бұйымдарын өндіру 29,5% , жиһаз – 12,8%, қағаз өндрісі 10,2% өсіп, оң динамика көрсеткен. Бұл салалардың жалпы жиынтық өсімі жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісі сияқты үлесі төмен салалардағы төмендеу статистикасын жауып отыр.