Қазақстанда түйнемеге қарсы қандай шаралар қолға алынды
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде түйнемеге қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері халықтың түйнеме ауруының алдын алу және жол бермеу мақсатында түйнеменің эпидемиялық ошақтарын анықтау, тіркеу және есепке алу жұмыстарын жүргізуде. Оған қоса, түйнеме ошақтарының айналасындағы санитариялық-қорғау аймағындағы жер учаскелерін пайдалануға жол берілмейді», - деп жауап берді министрлік Kazinform агенттігінің сауалына.
Одан бөлек, министрлік адамдардың түйнеме аурулары тіркелген ошақтарда эпидемияға қарсы іс-шаралардың орындалуын, профилактикалық вакциналауды бақылайды және адам ауруы тіркелген ошақтарда профилактикалық, жоспарлы және қорытынды дезинфекция жүргізеді. Халықпен және мал шикізатын әзірлеу, жинау, сақтау, тасымалдау, өңдеу және сатумен кәсіби айналысатын адамдар арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізеді.
Адамдардың түйнеме ауруы жағдайларын тіркеуде денсаулық сақтау ұйымдары:
- науқастарды анықтау, диагностикалау және ауруханаға жатқызу, үй-жайларды (пәтерлерді) аралау;
- соңғы науқас анықталған сәттен бастап теріні күнделікті тексеру, 14 күн бойы науқаспен байланыста болғандарды медициналық бақылау;
- инфекционист дәрігердің тағайындауымен шұғыл профилактика жасау;
- халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысады.
Еске сала кетсек, Қарағанды облысының Топар кентінде үш адамнан түйнеме (сібір жарасы) анықталған еді.