Қазақстанда ұлттық спорт түрлерінен кәсіби бапкерлер дайындалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ұлттық спорт түрлері бойынша кәсіби бапкерлер дайындалып жатыр. Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы қазақ күресі мен тоғызқұмалақ секілді дәстүрлі спорт түрлерінен педагог-жаттықтырушыларды арнайы бағдарлама бойынша оқытып отыр. Бұл туралы жоғары оқу орнының ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.

– Корея, Жапония елдерінде бапкерлерді бөлек дайындайтын болса, ұлттық спорттың бапкерлерін де бөлек дайындайды. Не үшін? Оларды сол спорт түрін өзге елдерге насихаттау үшін дипломат ретінде оқытады. Біз алғаш рет Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясында қазақ күресі бойынша педагог-тренер білім беру бағдарламасын Қазақ күресі федерациясымен бірге 2 жылдан бері жүзеге асырып келе жатырмыз. Биыл үстел спорты түрлерінің ішінде тоғызқұмалақ бойынша жаттықтырушы педагогтерді дайындауды бастадық, – дейді ол.
Оқу орны осыдан 3 жыл бұрын ғана жұмысын бастаған.
– Осыдан 3 жыл бұрын еліміздің бас қаласында Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ашылды. Бұл Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ашылған. Қазіргі уақытта біз бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде білім беріп жатырмыз. Біздің басқа оқу орындарынан басты ерекшелігіміз – студенттер 3 жылда диплом алады, – дейді ректор.
Алайда, академия спортшыларды емес, спорт саласына қажетті білікті мамандарды даярлайды екен.
– Көбісі бізді спортшыларды дайындайды деп ойлайды. Біз спортшыларды емес, спорт саласына жоғары білікті мамандарды дайындаймыз. Мысалы, биылғы оқу жылына дейін Қазақстандағы спорт саласында жоғары білікті мамандар даярланбаған. Тек қана дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері ғана даярланған. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары білікті мамандарды даярлаудың жіктегіші бар. Сол жіктегішке сай тек 01 педагогикалық бағыттағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі даярланған. Бұл – қазіргі оқу-ағарту министрлігінің мамандары. Біз шетелдік жіктеуіштерді зерттедік. Солай осы жіктеуішке спорт бағытын қосуды ұсындық. Ұсынысымызды Спорт және Ғылым және жоғары білім министрліктері қолдап, қазіргі таңда елімізде ресми түрде енгізілді. Солай біз спорт бағыты бойынша лицензиясы бар тұңғыш жоғары оқу орны атандық, – дейді Тұрсынзада Қуанғалиева.
Жоғары оқу орны қазір түрлі спорттық бағыт бойынша болашақ бапкерлерге білім беріп жатыр.
– Біз әртүрлі спорт бағыттары бойынша бапкерлерді дайындаймыз. Оған қоса спорттық реабилитация, спорттық менеджмент, бейіндік дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерін және биылдан бастап киберспорт мамандарын оқытамыз. Бізде білім алатындардың 55%-ы ер балалар. Әр білім беру бағдарламасында да қыз студенттердің үлесі көп. Бірақ дәл қазақ күресі бойынша педагог-жаттықтырушыларда тек ұлдар білім алады да, үстел спорт түрлері, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері бойынша қыз балалардың үлесі басым. Мысалы, өздеріңіз білетін шахматтан әлем чемпионы, әлемнің 8 дүркін чемпионы атанған, қытайлық шахматшыны жеңген Меруерт Камалиденова бізде шахмат педагог-жаттықтырушы мамандығында білім алып жатыр, – дейді студия қонағы.
Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясында білім алған студенттер 3 жылда 2 дипломға ие бола алады.
– Біз болашақта білікті бапкерлерді дайындау мақсатында қос дипломды, біріккен дипломды бағдарламаларды шетелдік әріптестерімізбен бірге жүзеге асырып жатырмыз. Соның бірі – спорттық менеджмент білім беру бағдарламасы. Бұл – Польша және Бельгия елдерінің жетекші ЖОО-мен біріккен бағдарлама және франциялық Éclair University-мен бірге қос дипломды бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Яғни студенттер бітіргенде Қазақстан мен Францияның 2 бірдей дипломын алып шығады. Сонымен қатар біз Еуропа, Корея елдерінен 2 апта немесе 2 айға шетелдік оқытушыларды шақырамыз. Олар өздерінің модульдік дәрістерін өткізіп жатыр, – дейді академия ректоры.
Тұрсынзада Қуанғалиева спорттық бапкерлер тек физикалық дайындыққа назар аудармай, ғылыми зерттеулер нәтижесіне де сүйену керектігін айтты.
– Болашақ бапкерлердің сапасын арттыру үшін біз теориялық біліммен шектелмей, өзімізді көпсалалы хаб ретінде қалыптастырып жатырмыз. Біз нарықтағы тәжірибесі 3 жыл ғана болған жас университетпіз. Біздің негізгі принциптеріміз – ғылыми зерттеулерге негізделген. Спортшыларды дайындайтын бапкерлер тек физикалық жаттығуларға ғана емес, ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне де сүйенуі керек. Бізде спорттық психология, спорттық реабилитация, спорттық медицина салаларында мамандарға сұраныс көп. Сол үшін біз осы бағыттарға бағдар бұрып отырмыз, – дейді маман.
Ректордың айтуынша, елімізде дронмен ойнайтын футболға қызығушылық артып келе жатыр.
– Біз қазір цифрлық болашаққа қадам басып жатырмыз. Мені таңқалдырғаны – қазір әлемде дронмен ойнайтын футбол дамып жатыр екен. Сол үшін біз қазір әлемдік серіктестермен қатынас орнатып жатырмыз. Осы жасанды интеллект, e-sport, дрон арқылы еліміздегі жастар арасында дронмен ойнайтын футболға да қызығушылық артып келе жатыр екен. Осы мақсатта біз де киберспорт білім беру бағдарламасын Киберспорт федерациясымен бірге дайындап, Францияның атақты ЖОО-мен бірге жүзеге асырып жатырмыз, – дейді Тұрсынзада Қуанғалиева.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін аралап көрді.