«Қазақстанда жасалған» - Астанада үш күн бойы отандық өнімдер көрмесі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — EXPO Халықаралық көрме орталығында «Ulttyq ónim» VIII отандық өндірушілер көрмесі басталды. Үш күн бойы көрмеде Қазақстанның барлық өңірінен 350 өндіруші қатысып, өз өнімдерін ұсынады.

көрме отандыө өнім
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

2015 жылдан бері «Даму» қоры қазақстандық өндірушілер көрмесін ұйымдастырып келеді. Онда мемлекеттен қолдау алған шағын және орта бизнес субъектілерінің тауарлары, тамақ, құрылыс, жиһаз, киім, арнайы техника мен жабдықтар, кәдесый және полиграфия өнімдері ұсынылып, отандық компаниялар арасындағы кооперацияны кеңейту және өндірістің жаңа технологияларын енгізу көзделген. 

Жұманғарин
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

− Ulttyq ónim сегізінші көрмесі – отандық кәсіпкерлікті дамытудың ең жақсы дәлелі мен көрінісі. Өндірушілер еліміздің ішкі нарығындағы ұстанымын нығайтып, экспортқа шығып жатыр. Шетелде танымал брендке айналып жатыр. Ал шағын және орта бизнесті мемлекеттің қолдауы тек күшейе бермек. Биыл экономиканың нақты секторын жедел дамытуға бет бұрдық. Мемлекет ақпараттық технология, логистика, туризмге, тамақ өнімін, құрылыс материалын өндіруге, машина жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі сияқты басым салалардағы ШОБ инвестициялық жобаларына ашық тапсырыс жариялады. Бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетіледі, - деді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин көрменің ашылуында.

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Көрмеде тағам өнімдері, жеңіл және химия өнеркәсібінен бастап, машина жасау, құрал-жабдықтар мен зергерлік бұйымдарға дейін әртүрлі өнім түрлері ұсынылған. Олардың қатарында «Гормолзавод», «Aq Dam» ұлттық тәттілері, Galamilk, Altay Outwear белсенді демалыс пен туризмге арналған киім-кешек, «Balausa Jewelry» зергерлік бұйымдары секілді танымал брендтер бар.

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сонымен бірге, ас үй плиталары, желдеткіш, медициналық жабдықтар, трансформаторлар, қоспа жем, шабадандар, тоқыма бұйымдары, құрылыс материалдары, антисептиктер, киім, аяқ киім және басқа да сұранысқа ие тауарлар ұсынылған.

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Өткен жылы ел Үкіметі Ұлттық экономика министрлігінің және «Бәйтерек» холдингінің белсенді қатысуымен субсидиялау және кепілдік беру құралдары арқылы бизнесті қолдау бағдарламаларына 336 млрд теңге бөлді. Жалпы несие сомасы 1,7 трлн теңгеге 29,5 мың жоба мемлекет қолдауын алды. Оның ішінде 2,7 мың жоба жеңілдікпен 254 млрд теңге несие алған.

көрме аяқ киім
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұл шаралар 9,7 мың жұмыс орнын құруға, 25,4 трлн теңге сомасына өнім шығаруға және 1,7 трлн теңге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде 2024 жылы халық санының 48% ШОБ секторында жұмыспен қамтылғандар қатарында болды, ал елдің жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі шамамен 40% көрсетті.

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин экономикалық өсімді ынталандыру, әсіресе экономиканың нақты секторын қолдау мен бизнестің қаржылға қолжетімдігін арттыру мақсатындағы шаралардың маңызын айтты. 

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

− Отандық өндірісті қолдау – «Бәйтерек» холдингінің стратегиялық басымдығы. Біз қазақстандық бизнестің ұлттық экономиканың тірегі, инновациялар мен жұмыспен қамту көзі екеніне сенімдіміз. Бұл көрме – қазақстандық өндірушілердің ел дамуындағы басты рөлін көрсету. Біз олардың тұрақты өсуіне және кәсіпкерлік әлеуетін ашуға жағдай жасай отырып, үнемі жанында болуға тырысамыз, - деді Рустам Қарағойшин.

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Көрме аясында отандық кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған панельдік сессиялар өтті. Оларға жетекші қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысады. Қатысушылар еліміздегі бизнесті дамытудағы өзекті трендтерді, сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді талқылайды.

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сонымен қатар көрме барысында «Халық таңдауы» атты тәуелсіз дәм байқауы, әйелдер мен ерлер киім топтамаларының көрсетілімі, кәсіпкерлерден шеберлік сабақтары, көрме қатысушыларынан күн сайын сыйлықтар ұтысы және концерттік бағдарлама өтеді.

аяқ киім
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жалпы «Даму» қорының құралдары арқылы 225,3 мың жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, 14,1 трлн теңге көлемінде несие берілген. Нәтижесінде 210 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 1,2 млн-нан астам жұмыс орны сақталған, 104,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 7,3 трлн теңге салық түсімі қамтамасыз етілген.

отандық өндіріс
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
отандық өндіріс
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сәуір айында Сенат отандық өндірушілерді қорғауға бағытталған құжатты мақұлдаған еді.

Соңғы жаңалықтар