Қазақстанда жетім балалардың отбасында тәрбиелену мүмкіндігі артып келеді — министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жетім балалардың отбасында тәрбиеленуіне басымдық беріліп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді.

— Біздің міндеттеріміздің бірі — балаларымыздың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын қамтамасыз ету. Балалар интернат мекемелерін институционалсыздандыру саясатын жүргізу жалғасып жатыр, — деді вице-министр.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздегі 21 387 жетім баланың 17 660-ы қазақстандық отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Жыл сайын Қазақстан азаматтары 1000-нан астам жетім баланы өз қамқорлығына алады.
2024 жылы елімізде балалар үйіне балама ретінде «кәсіби отбасы институты» енгізілді. Бұл — балаларды арнайы дайындықтан өткен отбасыларға уақытша орналастыруды көздейтін жаңа әлеуметтік тетік.
— Жүргізілген шаралардың нәтижесінде балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың саны соңғы он жылда екі есеге азайды, — деді Еділ Оспан.
Сонымен қатар, вице-министрдің айтуынша, жетім балаларға әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, еліміздің барлық өңірінде балалар үйінің түлектеріне арналған «Мейірім» қайырымдылық акциясы жүзеге асып жатыр.
— Жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетіктері енгізілді. Бұл шаралар олардың қоғамға толыққанды бейімделуіне және өздігінен өмір сүру дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деді спикер.
Министрлік мәліметінше, Қазақстан Республикасы балалардың құқықтарын қорғау бойынша халықаралық стандарттарды ұстанады. Басты мақсат — әрбір баланың мүддесін қорғау және өмір сүру сапасын арттыру.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде балалардың құқығын қорғауға бағытталған жаңа ұлттық бағдарлама әзірленіп жатқанын жазғанбыз.