Қазақстанда Жошы хан туралы сериалдың түсірілімі жуырда басталады
АСТАНА. KAZINFORM – Karga Seven Pictures-тен жобаның атқарушы продюсері және режиссері Эмре Шахин, продюсер Фикрет Маноглу және қоюшы-суретші Зеки Сарайоглу мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен жеке кездесіп, Алтын Орданың негізін қалаушы Жошы хан туралы шағын сериалдың түсірілімі барысын талқылау үшін Қазақстанға келді. Бұл туралы кино мамандары желідегі парақшасында жазды.

Продюсерлік компанияның өкілдері сценарий бойынша жұмыстың аяқталғанын хабарлады, оны әзірлеуге белгілі жазушы Джастин Поллард («Викингтер») және Клэр Мурсом (Король вне закона), сондай-ақ қазақстандық және халықаралық тарихшылар мен сарапшылар қатысты.
Сондай-ақ олар сценарийді әзірлеу кезінде Жошы ұлысының, Алтын Орданың тарихын, сонымен қатар көшпелі халықтар мен қазақтың мәдени құндылықтары мен өмір салтын зерттеу жүргізілгенін мәлім етті.
Бүгінде түсірілім орындарын іздеу аяқталды және кастинг жүріп жатыр. Сериалдың түсірілімі жақын арада басталады деп жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, сәуірде Жошы хан туралы жазылған тұңғыш тарихи романның таныстырылымы өтетінін хабарлаған едік.
Жуырда әлеуметтік желі қолданушысы Жошы хан кесенесінің қазіргі жағдайы туралы жазба жариялап, тарихи дүниеге көңіл бөлу қажеттігін айтқан еді. Фотодан байқасақ, ғимараттың іргетасын ылғал басқаны көрінеді. Осыған орай Жошы хан кесенесінің бүгінгі жағдайы мен күтіп-баптау жұмыстары туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінен сұрап білдік.