Қазақстанда жыл басынан бері 550 балаға жыныстық қысым көрсетілген - ІІМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігі «Балаларға қамқорлық жасаңыз» фильмін жариялады. Онда кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық-зомбылық тақырыбы көтеріледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
None
None

Материалда қылмыстық мәліметтерден соңғы статистика келтірілген. ІІМ ресми статистикасы бойынша, 2020 жылғы қаңтар-тамыз аралығында кәмелетке толмағандарға жыныстық қолсұқпаушылыққа қарсы 550 қылмыс жасалған.

Оның көпшілігі, яғни 250 факті - күш қолдану, бопсалау, қорқыту немесе баланың дәрменсіздігін пайдалану арқылы абсолютті зорлық-зомбылық жағдайлары. Бұл қылмыстардың жартысынан көбін баланың жақын ортасындағы адамдар жасайды. Жәбірленуші, әдетте, 14 жастан аспайды.

ІІМ мамандары құқық қорғау органдары осы қылмыстардың салдарымен күресіп жатқанын және полицияның күш-жігерімен, жазаны қатаңдатумен ғана бұл мәселе шешілмейтінін атап көрсетеді.

– Балаларға, оның ішінде сексуалдық зорлық-зомбылық үшін жауапкершіліктің күшеюіне қарамастан, мұндай фактілердің саны азаймай отыр. Бұл – азаптау, ұрып-соғу, бопсалау, қауіп-қатерлі жағдайда қалдыру. Олардың үштен бірі жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты, – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Фильмде зорлаушының жалпы портреті, азаматтардың қай санаттары мұндай қылмыстарды жиі жасайтыны суреттелген. Сондай-ақ, материалда жәбірленушіні оңалту мәселелері қарастырылған.

Полиция қызметкерлері қоғамда жыныстық тәрбие тақырыбының жабық екенін, яғни ересектер балаларға қарсы жасалған қылмыс фактілерін жасыратыны туралы мәселені көтереді.

ІІМ қазақстандықтарға «Балаларды бірге қорғаймыз» деген үндеу тастап, азаматтарды кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық мәселесін ашық талқылауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар