Қазақстанда зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсету кабинеттері ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бала құқықтарын қорғау саласына ауқымды өзгерістер енгізетін «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заңға қол қойды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

бала өлімі
Фото: Pexels

Жаңа заң кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін күшейтуге, шұғыл көмек көрсету инфрақұрылымын қалыптастыруға, сондай-ақ өңірлік деңгейде бала құқықтарын қорғау жүйесін институционалдық тұрғыдан нығайтуға бағытталған. Құжатта бала құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін арттыру нормалары да көзделген.

Ведомство мәліметінше, заң жобасындағы негізгі нормалар Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және депутаттық корпуспен бірлесіп әзірленген.

Заң аясындағы басты жаңашылдықтардың бірі – елімізде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған арнайы көмек көрсету кабинеттерінің ашылуы. Бұл кабинеттерде «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қолдау көрсетіледі.

- Атап айтқанда, балаға қолайлы жағдайда алғашқы психологиялық көмек көрсету, сот-медициналық сараптама жүргізу, бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама алу секілді қызметтер қарастырылған. Мұндай тәсіл кәмелетке толмағандардың әртүрлі ұйымдарға бірнеше рет жүгінуін азайтып, олардың қайта психологиялық жарақат алу қаупін төмендетуге бағытталған.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарында «ерекше назарды қажет ететін кәмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу» институты енгізіледі. Бұл шара балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді, - делінген ақпаратта.

Заңда сондай-ақ балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру мақсатында өңірлік Балалардың құқықтарын қорғау басқармаларын құру көзделген. Бұл құрылымдар үйлестіру жұмыстарына, алдын алу шараларына, жедел қорғауға және «тәуекел тобындағы» балаларға қолдау көрсетуге жауапты болады.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, жаңа заң нормаларын іске асыру үшін тиісті қағидалар бекітіледі.

Соңғы жаңалықтар