Қазақстандағы әйелдерде қандай аурулар жиі кездеседі – гинекологпен сұхбат
Қазақстанда гинекологиялық ауруларды диагностикалау жылдан-жылға жақсарып келеді және әйелдер арасында миома, эндометриоз, пролапс аурулары жиі кездеседі. Осы орайда ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы Гинекология бөлімшесінің жетекші маманы Талғат Қапақов Kazinform тілшісіне әйелдердің денсаулығы, етеккір кезіндегі ауырсыну, жүктілікке дейінгі дәрумендер, бедеулік және басқа да проблемалар жөнінде сұхбат берді.
− Талғат Нұрланұлы, ең алдымен өзіңіз туралы айтып беріңізші, әдетте гинекологияда ер маманды көргенде біраз әйелдің таңданаты рас. Медицинаның бұл саласына қалай келдіңіз?
− Университетте оқып жүргенде бізде көптеген қызықты пәндер, курстар болатын. Бағыт таңдағанда хирургияға, травматологияға, офтальмология, патологиялық анатомияға, кейде тіпті психиатрия саласына барғым келетін. Бір жылы перзентханада тағылымдамадан өткенде алғаш рет босану процесін көрдім. Кішкентай адамның үлкен өмірге келуін нағыз ғажайып сәт деуге болады. Осыдан кейін балалардың өмірге келуіне көмектесемін деп акушерлік бағытты таңдадым. Әрине, акушерлік гинекологиясыз, гинекология акушерліксіз болмайды, екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Уақыт өте келе акушерлікпен қатар гинекологияда да жедел көмек көрсете бастадық.
Осылайша, 2009 жылы Астана медициналық университетін бітіріп, 2011 жылы клиникалық резидентураға түстім. «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырып, 2014-2016 жылдары АҚШ-тың Пенсильвания штатының Питсбург қаласында акушерлік және гинекология бойынша тағылымдамадан өттім. Ондағы акушерлік бойынша ұсынымдар, хаттамалар біздегі жағдайға ұқсас болса, гинекология саласында түбегейлі жаңашылдықтарды көрдім. Онда біздегідей бөлек емхана жоқ, ота жасайтын дәрігердің өзі науқасты қабылдап, тексеруден өткізеді, медицина жүйесі, науқасқа қарым-қатынас, құрал-жабдық түрлері басқаша болатын. Біз де осы жүйеге біртіндеп келе жатырмыз. Сол тағылымдамада екі жыл жүріп, үйренген білімімді Қазақстанда қолданысқа енгізіп жатырмын. Қазір тек қана гинекология саласында жұмыс істеймін.
− Медициналық орталықтың мүмкіндіктері қандай? Бір аптада қанша ота жасайсыз? Көп жағдайда әйелдер қандай шағыммен келеді?
− Бұл орталықта халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жабдықтардың жақсы арсеналы бар және гинекологиялық оталардың барлық түрін орындай аламыз. Оның ішінде робот қондырғысымен ота жасайтын Қазақстандағы алғашқы орталықтардың біріміз. Яғни біз бүгінде ашық, вагиналды, эндоскопиялық, лапороскопиялық және робот арқылы ота жасаймыз.
Операция санына қатысты нақты сан жоқ, дегенмен шамалай алғанда, біздің бөлімде аптасына 30-ға жуық ота жасалады. Барлық жердегі статистика бойынша, бізде де бірінші орында қатерсіз ісіктерді, атап айтқанда миоманы алып тастау отасы тұр. Жатыр миомасы, жылауық (киста) – әйелдерде жиі кездесетін патология. Өкінішке орай, көптеген науқастар бедеулікті хирургиялық жолмен емдеуге келеді. Сондай-ақ, соңғы уақытта эндометриоз бен пролапс көп анықталып жатыр.
Қазақстандағы статистика да бүкіл әлемдегідей, аса ерекшеленбейді. Аурулар жылдан-жылға жасаруда, диагностика жақсарып келеді. Медицина шалғай ауылдарға, аудан орталықтарына жетіп, мамандар мобильді бола бастады. Сондықтан бізде жыл сайын науқастар мен ота саны артып келеді. Осылайша, елімізде қазіргі уақытта жатыр миомасы барлық гинекологиялық аурулардың 30% астамын алады. Сондай-ақ, 30-40% әйелдерде жыныс мүшелері пролапсы байқалады және әрине, эндометриоз бар.
− Эндометриоз туралы толығырақ білуге бола ма? Менің білуімше, бұл жаңа ауру түрі ғой?
− Иә, медицинада эндометриозды анықтау мен емдеу, ота жасау 20 жыл бұрын қолға алынды. Бұл эндометрия тәрізді жасушалардың өсуіне байланысты ауру. Әдетте бұл жатыр қуысында өсуі керек, ал жатыр сыртына – аналық бездерге, түтіктерге, ішектерге, көк шандырға, қуыққа өтіп кетсе, эндометриоз диагнозы қойылады. Оны емдемей жүре берсе, ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін.
Эндометриоз – қатерсіз ауру, бірақ кейбір жағдайларда қатерлі ісік сияқты әрекет етеді. Яғни, ауру асқынып, әйелдің жыныс мүшесі айналасындағы органдар мен тіндерге тарай бастайды. Тіпті кейбір елдерде эндометриоздың күрделі түрлерімен ауырғандарға мүгедектік тағайындалып жатыр. Себебі бұл өмір сапасына қатты әсер етеді. Бірақ эндометриоздың агрессивті емес түрлері де бар. Тіпті кей әйелдер еш симптом байқамай, эндометриоз бар екенін білмей де өмір сүре береді. ДДСҰ мәліметінше, бүкіл әлемде репродуктивті жастағы әйелдер мен қыздардың шамамен 10% эндометриоздың алуан түрлерінен зардап шегуде.
Эндометриоздың жиі кездесетін белгілері – етеккір кезіндегі ауыру, содан кейін жыныстық қатынас кезінде қолайсыз ауырсыну сезімдері пайда бола бастайды. Эндометриоздың ауыр түрі болса – қатты іш қату, зәр шығарудың бұзылуы (қанмен) байқалады. Яғни, бұл аурудың әртүрлі белгісі бар және кімде қандай симптом боларын болжау қиын.
Әзірге эндометриоздың неден туындайтыны, оның алдын алу жолдары табылған жоқ. Тіпті америкалық дәрігерлер де бұл аурудың қалай пайда болатынын білмейтінін айтуда. Әлі күнге дейін бүкіл әлемде эндометриоз зерттеліп, жаңа емдеу әдістері ізделуде. Бірақ біз оны қалай диагностикалау керегін және қалай емдеу керегін білуіміз керек. Егер әйел жыныстық өмірді бастаса немесе 21 жастан асқан болса, жылына бір рет гинекологқа тексерілу ұсынылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы да көптеген гинекологиялық қызметтер қолжетімді.
− Сосын етеккір циклінің ретсіздігі мен ауырсыну әйелдерде жиі кездесетін секілді. Бұл ауырсынуды басу үшін түрлі препарат ішу денсаулыққа зиян емес пе?
− Әдетте етеккір арасындағы цикл 28 күн болады және +/- 7 күн ауытқу қалыпты болып саналады. Біздің қоғамдағы әйелдердің төзімділігі қайран қалдырады, етеккір циклы бұзылса да, ауырса да, бәріне шыдап, отбасын, жұмысын, басқа шаруаларын ойлап жүре береді. Емханаға дер кезінде келмейді, ауыр салдары шыққанда ғана ем іздеп бастайды. Етеккір циклының дұрыстығына баса мән берген жөн, бұл тұтас гормоналды фонның көрсеткіші. Яғни, тұрақты, көп қан кетпейтін, ауырмайтын етеккір – әйелдің репродуктивті денсаулығы өте жақсы екенін білдіреді.
Етеккір кезіндегі ауырсынуды басу үшін гинеколог науқасқа стероидсыз препараттар жазып беруі мүмкін, бұл да қалыпты жағдай. Алайда, дәрігер қадағалауынсыз, дәрі-дәрмекті бейберекет іше беруге болмайды. Мәселен, гастриті бар науқастар мұндай дәрілерді көп ішсе, асқазан, ішек құрылысы жұмысы бұзылады. Негізінде циклдің бұзылуын қалыпқа келтіретін заманауи жақсы, гормоналды препараттар бар. Ауыруды басатын дәріні іше бергенше, тұтас гормоналды фонды қалпына келтіру керек. Көбінесе әйелдер гормоналды препараттар семіздікке әкеледі деп ойлайды. Жоқ, гормоналды препараттар ашығу сезімін аздап күшейтеді. Бұл жағдайда нан мен май емес, сәбіз бен алма жеп, салмақты қадағалауға болады.
Жалпы, етеккір кезіндегі ауырсыну норма емес, бұл патология. Мұның бәрі жыныстық жетілу кезеңінде, 13-14 жасқа толғанда басталады. Ал олардың аналары 30-40 жыл бұрын етеккірді бастан кешірген, сол кезде гинекологқа бара алмаған, ультрадыбыстық немесе заманауи препараттар болмаған. Олар өмір бойы осы азаппен өмір сүрді және қыздарына күйеуге шыққанда, бала туғанда етеккірдің ауырғаны басылады деп жұбатады. Дәрігер ретінде менің айтарым, мұндай ауыруға төзудің қажеті жоқ, бұл болашақта жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін.
− Тағы бір өте өзекті мәселе – елімізде 26 мың әйел «бедеулік» диагнозымен есепте тұр. Қыз бала бедеулікпен дүниеге келе ме әлде бұл жүре келе пайда бола ма?
− Егер бір жыл бойы табиғи жолмен жүктілік болмаса, тек қана әйел емес, ері де репродуктологқа қатар тексерілуі керек. Репродуктолог – бедеулік мәселесімен айналысатын маман, бұл оның тікелей қызмет саласы. Ал егер шынында да кінәрат әйелден болса, оны біз сияқты хирургиялық гинекологқа ота жасауға жібереді.
Бедеуліктің 80-90 пайызы туғаннан емес, кейін пайда болған. Әйелдер бедеулігінің ең көп тараған себебі – түтікше бедеулігі. Бұл жағдайда жатыр түтіктері аналық жасуша мен сперматозоидтарды өткізбейді және бұл емделмейді. Оған түрлі аурулар, ота немесе аборттар себеп болуы мүмкін. Сондықтан қыз бала ерте жастан денсаулығын күтуі керек, жөнсіз, қорғанышсыз жыныстық қатынасқа жол бермеген жөн.
− Жүктілік үшін ең қолайлы жас қанша? «Уақыт өтіп барады, часики тикают» деген сөздерге негіз бар ма?
− Жүктіліктің тым ерте болғаны да дұрыс емес. Ең қолайлы кезең – 21-27 жас аралығы. Ерте замандарда қыз бала 14-15 жаста тұрмысқа шығып, бала тапқан деген фактілер бар. Бірақ ол заманда ешкім статистика жүргізген жоқ, қанша баланың шетінегенін, қанша ананың өліп кеткенін білмейміз. Мүгедектікпен туған балалар сол ғасырларда да болды. Сондықтан ағза тұтас жетілгенде ғана жүктілікті жоспарлау керек.
Қазіргі заманауи әлемде көптеген қыздар мансап туралы ойлайды, әлеуметтік, тұрғын үй, қаржылық жағдайларын жақсартқысы келеді, сондықтан тұрмыс құру мен сәби сүю екінші орынға қалып қоюда. Қырық жасқа тақағанда тұрмысқа шығып, бала көтерейін десе, фолликулалар, ұрық жасушалары азайған, гормоналды фоны бұзылған болады. Жас ұлғайған сайын басқа да неше түрлі аурулар туындайды. Сондықтан мен мансап туралы ойлайтын қыздарға 30 жастан кейін репродуктологқа барып, сапалы ұрық жасушаларын мұздатып қоюға кеңес беремін. Мұндай сақтау тәсілдері Қазақстанның кез келген қаласында қолжетімді.
− Елімізде «Жүктілікке алдын ала дайындалу» тренді кең таралып келеді. Жүктіліктің жақсы өтуі үшін әйел не істеуі керек? Қазір фолий қышқылы, наурызгүл майы, омега-3 секілді өте көп дәрумендер жарнамаланып жатыр, олардың қайсысын ішу керек?
− Жүктілікті жоспарлау кезінде тұрғылықты жердегі емханаға бару керек немесе жеке қаласаңыз, репродуктологқа баруға болады. Мысалы, 40 жаста ұрықта генетикалық және хромосомалық аурулар қаупі артады. Сондықтан олар скрининг жасап, сынамалар алады, генетикке бағыттайды. Өкінішке орай, науқастардан коммерциялық пайда іздейтін, артық препараттар тағайындайтын әріптестеріміз де бар. Жалпы дені сау адамдарға ешқандай дәрумен, қоспалар қажет емес, оған дұрыс тамақтану мен қалыпты өмір сүрудің өзі жеткілікті.
Жүктілікке дайындық кезінде қолдануға болатын жалғыз витамин – фолий қышқылы. Денедегі фолий қышқылының жетіспеушілігі ұрықта жүйке жүйесі ауруларын туындатуы мүмкін екені дәлелденген. Сондықтан фолий қышқылы – жүктілікке дейін және жүктілік кезінде 12 аптаға дейін барлығына ұсынылатын жалғыз витамин.
Отандық медицинада, сынама талдауларында кей витаминдердің жетіспеушілігі ауру немесе патология ретінде қарастырылады. Бұл дұрыс емес. Біздің еліміз – йодтың эндемикалық аймағы, Д дәруменінің тапшылығы мен анемия да жиі кездеседі. Бұл бәріміздің ауру екенімізді білдірмейді ғой. Сондықтан қағаздағы көрсеткіштерді емес, адамды, оның бойындағы нақты клиникалық белгілерді емдеу керек. Дәрігер ағзаға қажет деп тапқан дәрумендерді жазса, соны алу керек.
− Сонымен бірге, жыныстық сауат тақырыбы қоғамда жылдар бойы өте қызу талқыланып келеді. Сіздің пікіріңізше, жыныстық сауатты қанша жастан бастау керек және қалай ұйымдастырған жөн?
− Менің жеке ойымша, бұл мәселеде көптеген пікірталастың туындауы халқымыздың мектепте мұндай тақырыпты балалармен ашық талқылауға әлі дайын еместігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ, кей балалардың білімқұмарлығы, ізденімпаздығы жоғары болады, жынысқа қатысты сұрақ қойса, сол баланың өзін жазғырып, мазақтайтындар, буллинг жасайтындар болады. Сол себепті, әрбір емханада анонимді кабинет ашылуы керек деп ойлаймын. Әрбір ата-ана жасөспірім баласын сол кабинетке апарса, онда тәжірибелі психолог немесе гинеколог жасөспірімге бәрін жіті түсіндірсе, денсаулық пен қауіпсіздіктің маңызын айтса, тұтас қоғамдағы жыныстық сауат едәуір артар еді.
− Сұхбат соңында әйелдерге денсаулық пен гигиена бойынша қандай кеңес берер едіңіз?
− Ең маңызды кеңестер – жүктілікке дейін денсаулықты күту, спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, жоспарсыз жүктіліктен қорғану. Өйткені, біз ешкімге жыныстық өмір сүрме, некеге дейін ешкіммен кездеспе деп айта алмаймыз. Бұл әр адамның жеке таңдауы. Бірақ күнделікті тәжірибеде сөмкеде мүшеқап алып жүруге кеңес беремін. Бұл тек қана ер адамның міндеті емес. Ер адам жауапсыз болуы мүмкін, ал салдарын тек қана әйел тартады. Оған қоса, әйелдерге өз бетімен емделмей, білікті дәрігерге баруға және жылы киінуге кеңес береміз. Ең маңыздысы осылар.
− Мазмұнды сұхбатыңыз үшін көп рахмет!