Қазақстандағы ең үлкен Қарабұлақ мал базарында сауда қызып тұр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Шағын ғана ауылдағы мал базарына еліміздің әр аймағынан келушілер көп. Бірі төрт түлігін сататын болса, ендібірі алу үшін Қарабұлаққа арнайы ат басын бұрады. Тіпті, сауданы қызықтау үшін жүздеген шақырым жол жүріп жететіндер де бар. Өзбекстан мен Ресейден, Қырғызстаннан қой алып келетіндер де кездеседі. Таң азанымен арзан малды сатып алып, қымбатқа сататын алыпсатарлар да осында. Аптаның тек сәрсенбісі күні ғана жұмыс істейтін коммерциялық нысанға Kazinform тілшілері арнайы барып қайтты.

мал базары
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Қарабұлақ
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Қарабұлақ ауылы Шымкенттен 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал, базар ауылдың шетіне салыныпты. Аумағындағы автотұрақта көлік қоятын орын жоқ. Сондықтан базарға келушілер сол маңдағы жол жиегін жағалап тоқтай береді. Көліктің көптігін көргенде мал базарына емес, автокөлік сататын орталыққа келгендей әсерде боласыз.

базар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Базар 7 гектар жерді алып жатыр. Бес есігі бар. Оның екеуінен сатушылар малды ішке кіргізсе, екеуінен сыртқа шығарады. Ал, адамдардың кіріп-шығуы үшін арнайы өткел жасалып, жол төселген. Халықтың кіріп-шығатын басты жолы осы. Сондықтан болар, өткелде жайма сауда қызып тұр. Нан, сүт, майдан бастап, құрылыс киімдері мен күнделікті тұтыну тараулары жетіп артылады. Ал, шағын асханалар таң азанымен іске кіріскен. Ыстық шәй мен бәліштің, самса мен кәуаптың иісі қолқаны алады.

базар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Жалпы базарға екі мыңнан астам мал сыяды. Іші толықтай қоршалып, асты цементтелген. Мұнда сиырға, қойға, жылқыға бөлек-бөлек орын дайындалған. Мал дәрігерлер әрбір малды жеке-жеке тексеруден өткізеді. Ал, қос қақпада тұрған күзетшілер төрт түлігін көлікке тиеп алып келген сатушыларды кезекпен ішке кіргізіп жатыр.

мал
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
мал
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

«Қазір ешкім базарға мал жетектеп келмейді. Көлікпен тасымалдайды. Базарымыз таза. Сәрсенбі күні базар тараған соң, бірден тазалыққа кірісеміз. Бір апта бойы ішін жуып, дезинфекция жұмыстарын жасаймыз. Әр малға арналып тор жасалған. Солардың сынған, үзілген жерлерін қалыпқа келтіреміз. Содан келесі аптаның сейсенбісі күні сатылымға келген малдарды қабылдай бастаймыз. Мал дәрігерлері ауру малды базарға кіргізбейді. Сондай-ақ, әр 15 күн сайын дизенфекция жұмыстарын жүргізіп тұрады», - дейді Қарабұлақ жаңа мал базарының иесі Абдухакар Хасанов.

мал
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
мал
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
мал
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Базар ортасымен жүріп өтіп қой сататын аймақты көрдік. 50-60 келі тартатын қисар қошқарлар 130 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал, кішілерін 100 мыңнан алуға болады. Қойлардың да бағасы сол жобада. Семіздігі мен салмағына қарай бағаланады.

мал базары
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Түлкібастан келген Есімжан есімді тұтынушы екі қой мен бір қозы сатып алды. Үшеуі 225 мыңға шығыпты.

«Базар қымбат. Үйге қажет болған соң алуға тура келді. Өткен базарда да келіп кеткенмін. Бұл жолы сатушымен келісіп, өзіме ыңғайлы бағаға сатып алдым», - дейді ол.

Ал, Жамбыл облысы Жуалы аймағының тұрғындары қазақи тұқымдас қойларды сатылымға алып келіпті. Сұраушылар көп болғанымен, нақты бағасын келісе алмай жатты.

мал базары
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
мал базары
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
мал базары
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Мұнда саудаласудың өзіндік тәртібі бар. Алушы сатушының қолын қысып, қатты сілкіп өзіндік бағасын айтады. Сатушы келісімен бермесе, қайтадан қол сілку басталады. Әр баға айтылған сайын, осы көрініс. Жан-жағындағы адамдар екі тараптың келісімге келгенін қызықтап қарап тұрады. Тіпті, кеңес айтып, екі қол алушыны келістіретіндер де бар. Мұндай жағдайда алушы ризашылықпен «шотал» деп 2 000 теңге ұсынып кетеді.

мал базары
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
базар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Мұнан соң, жылқы тұратын аймаққа өттік. Бір жерде үйіріліп тұрған жылқылардың арасынан жүру қиындық тудырды. Біреуі теуіп жіберетіндей қорқыныш болады екен. Ал, күнделікті базарда жүрген адамдар үшін жылқының арасында жүру қалыпты жағдайға айналып кеткен.

базар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
базар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Мұнда да баға әр түрлі. Жылқының жағдайына қарай 280 мыңнан бастап 2-3 млн-ға дейін көтеріліп кете береді. Базардағы ең қымбаты 6 млн теңгелік айғыр болды. Бойы 1,75 келетін жылқының жасы алтыда екен. Иесі сату үшін Сарыағаштан Қарабұлақ базарына арнайы алып келген.

«Үйде кішігірім шаруашылығымыз бар. Жылқыларды көкпарға дайындаймыз. Бұл да – көкпарға көмекші ретінде шығып жүрген жылқы. Өзім осы жылқыны өткен жылы 5 млн теңгеге алғанмын. Егерде нақты алатын адам болса 5 млн теңгеге беремін. Ауылда көлікке айырбастайық деген ұсыныстар да болды. Бірақ келіспедік», - деді жылқы иесі Сейітбек Дәуренұлы.

мал базар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
мал
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

6 млн-дық жылқыға қызығушылар көп болды. Бірі мініп көрді. Саудаласты. Кейбір алушылар 3 млн-ға сұрады. Дегенмен, сатушы бұл бағаға қанағаттанбады.

«Қазір 30-40 млн-ға дейін бағаланатын аттар бар. Олардың құлындарының өзін 4 млн теңгеге бермей жатыр. Сондықтан 5 млн қымбат емес деп ойлаймын», - дейді ол.

жылқы
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
мал
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Бұл маңда біраз тұрған соң, қайтадан базар аралауға кірістік. Шымкенттен келіп, бие сатып алған тұрғындармен сөйлестік.

«Биені 800 мыңға сатып алдық. Өзі аппақ ат екен. Көңілімізден шықты», - дейді Ержігіт есімді шымкенттік жігіт.

базар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Ал, сиырлар тұратын бөлікте ангус тұқымдас ірі қара жақсы өтіп жатты. Тіпті, Орал қаласынан келген сатушы жігіт бір қора сиырды түгелімен сатқанына куә болдық.

«Бір қорада 12 сиыр болды. Ішінде үлкені де, кішісі де бар. Әрқайсысы 283 мыңнан түсті. Қорасымен келісіп, түгелдей бір адам алып кетті», - дейді ол.

базар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
базар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Астанадан келген ангустардың бір данасы 330 мыңнан, ал ақ бас сиырлар 280 мыңға бағаланып жатты. Өскеменнен келген бұқаны сатушылар 500 мың теңге сұрады. Ал, бұзаулы сиыр 395 мыңға сатылды. 

Мал базары
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Мал базары
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Жалпы, базарда тауық, қоян, түйетауық, кептерлер де сатылымда. Қоянды 3 000-3 500 теңгеге, қораз бен тауықты 4 000-5 000 теңгеге, түйетауықты 20 000-30 000 теңгеге, қазды 8000 теңгеге алуға болады. 

тауық
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Күркетауық
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Мал базары
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Сондай-ақ базарда көлігіне тиелген шөпті сататындарды да кездестіресіз. Малға азық қажет болса, сатып алуыңызға болады.

«Мұнда халық еліміздің әр аймағынан келеді. Тіпті, Өзбекстаннан, Ресейден, Қырғызстаннан арнайы келетіндер де бар. Әр сәрсенбі күні мыңға жуық адам базардан өз нәпақасын табады. Мәселен, 500-ге жуық жүк көлігі, 150-ден астам шағын тасымалдаушы көліктер тоқтап жатқан жоқ. Ал, 100-ден астам адам шағын асханаларда ыстық шәй мен бәліш сатып жатыр. 24 күзетші мен 8 тазалаушы маман өз қызметін жасап жүр», - дейді Абдухакар Хасанов.

Сауда
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Сауда
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Базарда қауіпсіздік жағына мән берілген. Жан-жақтың барлығы камерамен бақыланады. Одан бөлек, күзетшілер бар. Дегенмен, халық көп келетін қоғамдық орын болған соң, қалта ұрылары да кездеседі.

«Біз базар ішіндегі ұрланған заттарға жауап бермейміз. Бірақ, камерадан қарап, анықтауға болады. Базар болған соң, шеттен келетін қалта ұрылары бар. Осыдан біраз уақыт бұрын тұрғындар қалта ұрыларын ұстап, полицияға өткізді», - дейді базар басшысы.

Мал базары
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Мал базары
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Бүгінде Қарабұлақтан екінші мал базары салынып жатыр. Оның көлемі – 12 гектар. Демек, қазіргі базардан екі есе үлкен болмақ. Құрылтайшы Абдухакар Хасановтың айтуынша жаңа базар жыл соңына дейін ашылады. 

Соңғы жаңалықтар