Қазақстандағы монеталарда ұлттық нақыш басым – коллекционерлер
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Төл теңгемізді жинап, коллекция жинайтын ақтөбеліктер саны 10-нан асады. Олар ұлттық нақышы басым, дизайны ерекше монеталар коллекционерлер үшін таптырмас олжа деп санайды әрі өзге елге барғанда монета алмастырып, Қазақстанның төл теңгесін танытып жүр.
6 жасымнан бастап монета жинадым - Ринад Шарипов
Қазақстанның ғана емес, әлем купюрасы мен монетасын жинап, жыл сайын коллекциясының санын арттырып отырған Ринад Шарипов өз «байлығы» туралы сағаттап айтып береді. Бұл хоббиі 60 жылға уақыттан бері өмірінің бір бөлшегіне айналған. Өзі секілді адамдармен араласып, тарихы мен оның дизайны, құндылығы туралы сөз қозғайды. Ол көпшіліктің қызығушылығын арттырып, өзі секілді коллекционерлердің қатарын арттырғысы келеді.
- Көшеде келе жатқан кезде аяғыма дөңгелек бір зат ілікті. Монета екен. Қызығып, сақтап жүрдім. Кейін адамдар маған өзінде бар монеталарды беріп, жинала бастады. 1978 жылы ақтөбелік нумизматтардың қатарына қосылдым. Ал 1979 жылы әскер қатарына шақырылып, солтүстікке кеттім. Әрі қарай жұмыс істеп, 15 жылдан соң қайта оралдым. Үш жыл бұрын нумизматтар клубы бар екенін біліп, қатарға қосылдым. Мен алдымен ресейлік, шетелдік монеталарды жинап жүрдім. Қазақстанға оралғанда монета түрі көп және әр алуан екенін біліп, қызықтым. Клуб мүшелері өзара сатып, сатып алмайды. Тек бір-біріне алмастырады. Бұл өте қызық. Қазақстанда монета саны көп, дизайны да ерекше. Біздің елдегідей еш елде мұндай көп коллекция жоқ секілді. Футбол клубтарының, қалалардың, тарихи тұлғалардың да арнайы монеталары бар. Флора мен фаунаның алуан үлгісін бір монетаға сыйдырды. Бұл керемет,- деді коллекционер Ринад Шарипов.

Ақтөбелік аз данамен шыққан монеталарды да сатып алған. Қазақстанның мемлекеттік наградаларының монетасын да Ринад Шариповтің коллекциясынан табуға болады. Батырхан Шүкеновтің құрметіне арнап шығарылған 5 мың даналық монетаның бір данасын да алып үлгерген.
- Қазақстанда монета көп шығарылады әрі ұлттық нақыш басым. Өзге елдерді қарап, көріп жүрмін. Мұндай алуантүрлілік жоқ. Бұл коллекционерлер үшін таптырмас олжа,- деді Ринад Шарипов.
Коллекция жинауды пандемия кезінде бастадым – Елдос Есіркепов
Ақтөбелік инженер Елдос Есіркеповтің купюра мен монета жинап жүргеніне 5 жылдан асты. 2020 жылдан бастап құны 10 млн теңгеге жуықтайтын дүниені өз коллекциясына енгізді. 200-ден астам елдің купюрасы, 150-ден астам елдің монетасы сақтаулы.

- Алғашында жай ғана хобби болды. Кейін шыққан жаңа монета мен купюраны Ұлттық банктен сатып ала бастадым. Біреу емес, бірнешеуін аламын. Себебі бірі өзіңде қалады, екіншісі алмастырған кезде өте қажет. Егер сирек кездесетін ақша мен тиын кездессе сатып та аламыз.
Негізі су жаңасының бағасы жоғары. Егер бір шеті майысса, құны түсе бастайды. Монеталарда да сондай,- деді коллекционер Елдос Есіркепов.
Ол өзге елге сапар шеккен кезде де жинап, көбейту үшін арнайы сату орындарына барады. Коллекциясына қажетті қораптарды да тапсырыспен алады.

- Бүгін алмасаң, ертең қымбаттайды. Құнын жоғалтпайды, үнемі көтеріліп отырады. Коллекционерлерде арнайы бағалау кітапшасы бар. Соған сүйеніп, бағасын ұсынамыз. Адамдар қолдағы купюра мен монета неғұрлым ескі болса, бағасы соғұрлым қымбат болады деп ойлайды. Негізі ол сақталуына байланысты. Жаңа күйінде болса, бүктелмесе, сызат түспесе құнды. Монета да қарайып кетпесе, бағалы. Төл теңгеміздің купюра түрінің бәрін таптым. Тек біреуі ғана жоқ. Ол тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған 5 мың теңгелік ақша. Айналымда жоқ, тек адамдардың қолында болуы мүмкін. Сонымен бірге мен бір ақшаның әр жылдары шыққанын да жинадым. Әрқайсысынан айырмашылық көруге болады. Тіпті Ұлттық банк төрағаларының өзгергенін де ақша арқылы көруге болады. Шетелде басылғанын да, елде шығарылғанын да ажырата аламын,- деді ол.

Айта кетейік, топай асық жинаған ақтөбелік коллекционер Гиннесс рекордтар кітабына енгісі келеді. Ол әзірге Қазақстан рекордын орнатты.