Қазақстандағы онлайн сауданың 90 пайызы Алматыда жасалады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда электрондық сауданың қазіргі жай-күйі мен оның дамыту бағыттары талқыланды.

Алматының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша қаладағы электрондық сауда көлемі 5,3 трлн теңге болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 42% жоғары. Оның ішінде 3 трлн теңге – тауарлардың бөлшек саудасына, 2,3 трлн теңге – онлайн қызмет көрсетуге тиесілі.
– Алматының республика бойынша онлайн саудадағы үлесі 90%-дан асып отыр. Қалада 1 500-ден астам белсенді электрондық коммерция субъектісі жұмыс істейді. Бұл – ел аумағында тіркелгендердің шамамен жартысы. Негізгі бағыттарға күнделікті тұтынатын тауарлар, техника, киім-кешек, косметика, сондай-ақ жеткізу, көлік және брондау салаларындағы қызметтер жатады. Алматы базарларында 10 мыңнан астам сатушы дәстүрлі сауда тәсілін онлайн форматпен сәтті ұштастырып отыр, - деп хабарлады әкімдіктен.
Алматы әкімдігінің жоспарына сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай мегаполистегі электрондық бөлшек сауда көлемі 3,5 трлн теңгеге жетсе, 2030 жылға қарай сауда айналымындағы электрондық сауданың үлесі 50%-дан кем болмайды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда онлайн сауда екі есе өскенін жазғанбыз.