Қазақстандағы жол апаттарының негізгі себебі қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жол апаты күнделікті жаңалыққа айналып барады. Құрғақ статистиканың артында мыңдаған жарақат пен адам тағдыры тұр. Жол-көлік оқиғалары неге көбейді, қауіп қайдан туындап отыр? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы осы сұрақтарға жауап іздеді.
Апат динамикасы: аймақтар мен факторлар
Елімізде жол-көлік оқиғаларының саны алаңдатарлық деңгейде артып отыр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес, өткен жылы Қазақстанда 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. 2024 жылы көрсеткіш 31,6 мыңды құраған.
Алғаш қарағанда апат санының көбеюін елдегі автокөліктердің артуымен байланыстыру оңай. Расында да соңғы он жылда Қазақстанда тіркелген көліктер саны 1,8 есе өскен. Алайда ұзақмерзімді статистика бұл шешуші фактор емес екенін көрсетеді. Мәселен, 2015 жылдан кейін бірнеше жыл қатарынан жол-көлік оқиғаларының саны азайған. Ал 2021 жылдан бастап апат қайта өсе бастады, 2024 жылы бұл үрдіс күрт күшейіп, бір жылдың ішінде апат саны 15,9 мыңнан 31,6 мыңға дейін жетті.

Жол-көлік оқиғалары өңірлер бойынша да біркелкі емес. Алматы қаласы бұрынғысынша ең апатты өңір болып қалып отыр, мұнда 7,6 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ол 2015 жылмен салыстырғанда 37,2 пайызға көп. Ал елордадағы жағдай одан да алаңдатарлық. Соңғы он жылда Астанадағы жол апатының саны үш есе артқан. Сарапшылар мұны халық санының жылдам өсуімен, көлік тығыздығының артуымен және қала аумағының кеңеюімен байланыстырады.
– Қалған өңірлердің басым бөлігінде де апаттар саны бірнеше есе артқан. Ең жоғары өсім Маңғыстау облысында (4,1 есе), Қызылорда облысында (3,8 есе) және Атырау облысында (4,6 есе) байқалған, – делінген Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінде.
Жалпы статистикаға көз жүгіртсек, жол апатының басым бөлігі елді мекендердің ішінде тіркеледі. Қала ішіндегі апаттар саны көп болғанымен, мұнда қаза тапқандардың үлесі салыстырмалы түрде төмен. Ал қала сыртындағы трассаларда апаттар сирек болғанымен, олардың салдары әлдеқайда ауыр. Бұл жағдай, әсіресе, республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарға тән.
Өлім-жітімнің себептеріне қатысты сарапшылар көлік құралдарының техникалық жай-күйіне де назар аударады. Көлік қауіпсіздігі саласындағы мамандардың айтуынша, апаттан кейін қалпына келтірілген көліктердің техникалық жағдайы көбіне талапқа сай болмайды.
– Көлік қалпына келтірілген кезде қауіпсіздік жастықтары мен белдік тіректері жарамды күйге жеткізілмейді, ал каркастың негізгі бөліктері – лонжерондар мен рамалар қайта дәнекерленіп, созылады. Соның салдарынан металдың және көлік қаңқасының қорғаныш функциясы сақталмайды. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғалары кезінде өлім-жітімнің артуына әкеледі, – деді Көлік құралдарын техникалық бақылау республикалық ассоциациясының президенті Михаил Будянский.

Қандай трассалар қауіпті?
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жол-көлік оқиғаларын тұрақты түрде мониторингілеп, арнайы апат картасын әзірлейді. Ол қайталанатын жол апаттары жиі болатын учаскелерді және авариялық қауіпті аймақтарды анықтауға мүмкіндік береді. Талдау нәтижесі бойынша, еліміздегі ең қауіпті бағыттар қозғалыс қарқыны жоғары, ұзақ қашықтыққа созылған және ауыр жүк көліктері көп қатынайтын стратегиялық трассаларға тиесілі.

– Ең қауіпті бағыт – Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекарадан басталып, Мәртөк, Ақтөбе, Қарабұтақ, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Қордай, Алматы арқылы Қорғасқа дейін созылып, Қытай Халық Республикасының шекарасына шығатын автожол. Бұл бағытта 109 адам қаза тапқан. Екінші орында – Астана – Қарағанды (айналма жолымен) – Алматы трассасы, мұнда 85 адам көз жұмған. Үшінші орында – Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекара (Өбе өткізу бекеті) автожолы, бұл жерде 55 адам қаза болған. Ал төртінші қауіпті бағыт – Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай (айналма жолымен) – Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекара (Қайрақ өткізу бекеті) автожолы, мұнда 28 адам қаза тапқан, – делінген «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жауабында.
Мамандардың айтуынша, бұл бағыттардың барлығы көлік қозғалысы аса қарқынды, транзиттік жүк тасымалы басым және жүргізушілер ұзақ жолда жылдамдықты арттыруға бейім болатын трассалар. Осы факторлардың жиынтығы қала сыртындағы жолдарды апат салдары ауыр аймақтарға айналдырып отыр.
Инфрақұрылым – апаттың жанама себебі
Жол-көлік оқиғаларының белгілі бір бөлігі жол инфрақұрылымындағы кемшіліктермен тікелей байланысты. Жол факторлары бойынша жүргізілген талдау апаттардың ең жиі себебі – тайғақ жол жабыны екенін көрсетеді. Оның салдарынан 972 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Екінші орында – жолдағы ойықтар. Мұндай кемшіліктер 688 апатқа себеп болған.
Мамандардың айтуынша, жол жабынының сапасымен қатар, инфрақұрылымның қосалқы элементтерінің жеткіліксіздігі де қауіп деңгейін арттырып отыр. Әсіресе, жарықтандырудың нашарлығы, жаяу жүргінші жолдарының болмауы, жол белгілері мен жол таңбаларының жеткіліксіздігі апат қаупін күшейтеді. Өткен жылы дәл осы жанама факторлардың әсерінен болған жол-көлік оқиғаларында 8,1 мың адам түрлі деңгейде жарақат алған.
– Бұл мәселелерден бөлек, Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркейтін камералар мен бақылау жүйелері әлі де жеткіліксіз. Айыппұлдар халықаралық және өңірлік деңгеймен салыстырғанда төмен, бұл жүргізушілердің тәртіп бұзуына ықпал етеді, – деді Автомобиль нарығын талдау және мониторинг жасау агенттігінің бас директоры Артур Мискарян.

Депутаттар дабыл қақты
Мәжіліс депутаттары жол қауіпсіздігіне қатысты мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Парламент мінберінде айтылған пікірлерге қарағанда жол-көлік оқиғаларының көбеюі кездейсоқ құбылыс емес, инфрақұрылым, бақылау және жоспарлау салаларындағы жүйелі олқылықтардың салдары.
Мәселен, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов автомобиль жолдарының жай-күйін ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе ретінде бағалап, премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында ірі трассаларды толық аудиттен өткізуді талап етті. Оның айтуынша, еліміздегі бірқатар магистральдар қазіргі көлік жүктемесіне бейімделмеген.
– Кейбір трассалар тым тар, көліктер бір-біріне қарсы бағытта жүруге мәжбүр. Көлік ағыны шамадан тыс, ал жол инфрақұрылымы бұл жүктемеге дайын емес. Бұл апаттың өсуіне тікелей әсер етеді, – деді Жанарбек Әшімжанов.

Депутат жол қозғалысы ережелерін бұзудың негізгі себептерін де атап өтті. Оның сөзінше, апаттардың басым бөлігі жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік айдау кезінде ұялы телефон қолдану салдарынан болады. Сонымен қатар полиция 41 мың жол тексерісін жүргізіп, 90 мыңға жуық ереже бұзуды анықтаған. Ал жол сапасының төмендігі үшін 7,4 мың адам жауапкершілікке тартылған.
– Бұл деректер жол сапасына мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіз екенін, кей жағдайда мердігерлер мен жауапты органдардың формалды қарауын көрсетеді, – деді ол.
Жол инфрақұрылымының сапасына қатысты сынды Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев те қолдады. Ол жол жабындысының төмен сапасын өлім-жітімге әкелетін жол-көлік оқиғаларының басты себебінің бірі ретінде атады.

– Дүниежүзілік экономикалық форум деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан жол сапасы бойынша 119 елдің ішінде 90-орында болды. Жол таңбаларының, әсіресе, қарсы бағытты көрсететін сызықтардың болмауы көліктердің қарсы жолаққа шығуына себеп болып, ауыр апаттарға әкеледі, – деді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутаттың айтуынша, жол жөндеуде ойықтарды уақытша жамау тәжірибесі жүйелі мәселені шешпейді. Сонымен қатар жаңа жолдарды жобалау кезінде жол қауіпсіздігіне жауапты органдар жеткілікті деңгейде тартылмай отыр, бұл болашақта апатқа әкелуі мүмкін қауіпті кемшіліктердің қалыптасуына жол ашады.
Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жол-көлік оқиғаларының бір қырын – белгілі бір көлік түрлерінің тәуекелін көтерді. Оның пікірінше, соңғы жылдары Toyota Alphard маркалы көліктер қатысқан ауыр жол апаттары жиілеген.
– Toyota Alphard көлігі бұрыннан-ақ жаман атқа ие. Соңғы жылдары бұл маркадағы көліктер қатысқан жол апаттарының саны күрт артты. Тіпті, шілде айында екі күннің ішінде ғана Жамбыл мен Алматы облыстарында осы көлік қатысқан екі ірі апат болып, 10 адам қаза тауып, төрт адам жарақат алды. Бақылауды күшейту керек, – деді Ерлан Саиров.

Қандай шаралар қабылданып жатыр?
Жол-көлік оқиғаларының өсуі алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған байланысты Көлік министрлігі бірқатар нақты шаралардың қолға алынғанын хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, негізгі басымдық апат жиі тіркелетін учаскелерді қайта жаңартуға берілген. Бұл жұмыстар жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және апат салдарын азайтуға бағытталған.
– Негізгі атқарылып жатқан шаралар – қауіпті учаскелерді қайта жаңарту: жол бөлігін кеңейту, қоршаулар орнату, жарықтандыру және жаяу жүргінші өткелдерін салу. Сонымен қатар көрінуі нашар және қозғалысы тығыз учаскелерде жол белгілері мен жол таңбаларын жаңарту қолға алынып жатыр. Жол қозғалысын автоматты тіркейтін камералар мен сандық ақпарат тақталарын орнату, жүргізушілерге ауа райы мен қауіп туралы алдын ала хабарлау, сапарларды шектеу және жол ережелерін сақтау жөнінде ұсыныстар тарату күн тәртібінде, – делінген жауапты ведомствоның мәліметінде.

Сонымен қатар жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін тағы бір маңызды мәселе – жолаушы тасымалында қолданылатын көліктердің техникалық жай-күйі. Осыған байланысты Toyota Alphard және басқа да оң рөлді автокөліктерге жолаушы тасымалдауға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бастама Көлік министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен ұстанымы ретінде талқылануда.
Аталған ұсыныс AMANAT партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы республикалық кеңестің отырысында көтерілді. Кеңес төрағасы, депутат Ерлан Саиров азаматтардың өмірі мен денсаулығы кез келген экономикалық мүддеден жоғары тұруы тиістігін атап өтті.

– Қабылданатын шешімдер ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Сонымен қатар бұл шаралар жүргізушілердің жаппай жұмыссыз қалуына әкеп соқпауы тиіс, – дейді Ерлан Саиров.
Жол апатының алдын алу аясында пайдалануға жарамдылық мерзімі өткен немесе техникалық талаптарға сай келмейтін автокөліктерді елге әкелу тәртібін қатаңдату мәселесі де күн тәртібіне шықты. Бұл бағытта шетелден әкелінетін көліктердің сапасына қойылатын талаптарды қайта қарау ұсынылып отыр.
Автосарапшы әрі қоғам белсендісі Еркебұлан Құлбасов оң рөлді көліктер мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқанын, бұл тақырыпта қоғам мен кәсіби ортадан түрлі ұсыныстар түскенін айтты.

– Бұл мәселе бойынша біржақты шешім қабылдау дұрыс емес. Соңғы шешімдер жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігіне басымдық бере отырып, барлық тараптың мүддесін ескеру арқылы қабылдануы тиіс, – деді Еркебұлан Құлбасов.
Қазақстандағы жол қауіпсіздігі мәселесі жай ғана статистикалық көрсеткіштердің жиынтығы емес, ол – инфрақұрылым, бақылау, көлік саясаты және жүргізушілер мәдениеті тоғысқан кешенді проблема. Мәселенің алдын алу тек жолдарды жөндеумен шектелмейді. Ол үшін құрылыс стандарттарын қатаң сақтау, техникалық бақылауды күшейту, жол қозғалысы ережелерін сақтауды қалыптастыру және қоғамның жауапкершілігін арттыру қажет. Тек осы бағыттар қатар дамығанда ғана елдегі жолдар шынымен қауіпсіз бола түспек.