Қазақстандағы сот жүйесінде қандай өзгерістер болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңына қол қойды. Бұл құжатта судьялардың тәуелсіздігін нығайту және сот ісін жүргізу тәртібін жетілдіру нормалары қамтылған.

Аталған құжатты Сенат 15 наурыз күні екі оқылымда қарап, қабылдаған болатын. Заң жобасын талқылау және оны екінші оқылымға дайындау барысында мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

- шалғайдағы және аз құрамды соттарда сот ісін жүргізуді ұйымдастыруды жүзеге асыратын «аға судьялар» институты алынып тасталды;

- судьяларды конкурстан тыс тағайындау жөніндегі кадрлық өкілеттіктер Жоғарғы Соттың құзыретінен Жоғары Сот Кеңесінің жүргізуіне берілді;

- заң жобасының жекелеген нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдері түзетілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде аудандық соттардың төрағаларын сайлау элементі енгізілмек.

«Аудандық соттың төрағаларын сайлау элементтерін енгізу ұсынылады. Бұл мәселені біраздан бері заңгерлік қауымдастықтар, кәсіпкерлер мен судьялар көтеріп келеді. Елордамызда және облыс орталықтарында 15 сот төрағасыз отыр», - деді сенатор Андрей Лукин Сенаттың жалпы отырысында.

Депутаттың атап өтуінше, сайланбалы жүйені енгізу жағдайды түзеуге септігін тигізеді. Судьялар қоғамының өздері кандидатты ұсына алады.

«Әріптестері беделді судьядан өзін-өзі ұсынуды өтінеді. Айқындық пен ашықтық қамтамасыз етіледі. Мансаптық өсу жүйесі түсінікті болады. Жоғарғы соттың судьяларын да Сенат балама негізде сайлайды. Сенаттың кемінде 2 судьяның арасынан таңдау мүмкіндігі болады», - деді ол.

Сенатордың сөзіне қарағанда, судьяларға қарсы арнаулы іс-шараларды Бас прокурордың санкциясымен ғана жүргізу ескерілген.

«Бүгінде құқық қорғау органдарында судьяларға ықпал етудің өзіндік құралдары бар. Олар қылмыстық іссіз кез келген судьяға қарсы арнаулы жедел іздестіру іс-шарасын жүргізуге құқылы. Тек облыс прокурорының санкциясын алса жеткілікті. Сол сәттен бастап күштік орган судьяны тыңдай алады, ол туралы және жеке өмірі жайлы мәліметтер жинай алады. Сондықтан судьяларда олардан қорқуға негіз бар», - деді Андрей Лукин.

Оның атап өтуінше, заң жобасын Сенатта талқылау нәтижесінде судьяларға қатысты арнаулы жедел іздестіру іс-шарасын тек Бас прокуратура ғана санкциялайды деп айқындалған.

«Сондықтанда бұл кепілді Конституциялық заң деңгейінде бекіту ұсынылып отыр. Бұл судьялардың тәуелсіздігін нығайтады», - деді сенатор.

Мұнымен қоса, Жоғарғы сот кеңесінің рөлі мен мәртебесі күшейтіледі.

«Мемлекет басшысы Жоғарғы сот кеңесінің рөлі мен мәртебесін нақты кадрлық қызметтері бар толыққанды институт ретінде күшейтуді тапсырды. Кадрлық мәселелердің бір бөлігі 2019 жылдың өзінде-ақ Жоғарғы соттан Жоғарғы сот кеңесіне берілген болатын. Қазір Жоғарғы сот кеңесіне судья кадрларын дайындау, біліктілігін арттыру, шекті жасын ұзарту, іс басындағы судьялардың өкілеттігін тоқтату және ұзарту мәселелерін беру ұсынылады», - деді депутат.

Сонымен қатар Жоғарғы сот кеңесіне Сот төрелігі академиясы да берілмек.

«Яғни, Жоғарғы сот кеңесі ендігі уақытта судьялық кадрларды іріктеуге, олардың одан арғы мансаптық өсуіне және құрметті отставкаға кетуіне толыққанды жауап беретін болады», - деді сенатор.

Бұдан бөлек, елімізде апелляция институты реформадан өтеді.

«Мемлекет басшысы апелляция институтын реформалауды тапсырды. Соттың апелляциялық сатыда істі бірінші сатыға қайтармай, яғни, бірінші саты сотының ережесі бойынша шын мәнінде шешім қабылдауы ұсынылады. Сондықтан егер сот апелляциялық сатыда істі шын мәнінде қарауды бастаған жағдайда, бірінші саты ережесі жұмыс істейді, оның ішінде жаңа дәлелдерді ұсыну мәселелері де», - деді сенатор.

Андрей Лукиннің түсіндіруінше, осылайша сот талқылаудың толықтығын, жан-жақтылығын және шынайылығын қамтамасыз етеді.

Бұл тетік судья қателігі санын төмендетуге, сот актілері сапасын арттыруға, сот тәжірибесінің бірегейлігін қамтамасыз етуге негізделген.

Сонымен қатар, азаматтар мен кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын жылдамырақ қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 15 наурызда Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын қабылдады.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметінше, құжатты талқылау және оны екінші оқылымға дайындау барысында мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

- Жоғары Сот Кеңесінің тұрақты мүшелерінің өкілеттік мерзімін ұзарту туралы түзетулер алынып тасталды;

- судьяларды конкурстан тыс тағайындау жөніндегі кадрлық өкілеттіктер Жоғарғы Соттың құзыретінен Жоғары Сот Кеңесінің жүргізуіне берілді.

- Жоғары Сот Кеңесі төрағасына иммунитет беру туралы норма алынып тасталды;

- шалғайдағы және аз құрамды соттарда сот ісін жүргізуді ұйымдастыруды жүзеге асыратын «аға судьялар» институты алынып тасталды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл заңдар сот жүйесін және сот ісін жүргізу тәртібін одан әрі жетілдіру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін бір топ Парламент депутатының бастамашы болуымен әзірленген.

Нақты айтқанда, аталған заңдар аудандық соттардың төрағаларын сайлаудың жаңа тетігін енгізуді және судьяларға ешкімнің қысым жасамауын қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ заңдарға апелляциялық институтты жетілдіруге қатысты ережелер, Жоғары Сот Кеңесінің рөлін арттыруға бағытталған нормалар және басқа да маңызды жаңашылдықтар енгізілген.

«Мемлекет басшысы еліміздің сот және құқық қорғау жүйелерін жетілдіруге қатысты бірқатар маңызды міндетті айқындап берді. Бүгін қабылданған заңдар – кейінгі жылдары осы бағытта жүйелі түрде іске асырылып жатқан нақты шаралардың жалғасы. Бұл заңдардың мақсаты – азаматтардың әділ, тәуелсіз және кәсіби сотқа қол жеткізуін қамтамасыз ету. Сол үшін осы құжаттар арқылы судьялардың тәуелсіздігін нығайту және сот ісін жүргізу тәртібі жетілдіріледі. Алдағы уақытта заңдар қоғамның, азаматтар мен бизнестің талабына сай сот жүйесін қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар
telegram