Қазақстандық боксшы Оразбек Асылқұлов Дубайдағы әлем чемпионатын сәтті бастады
АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында 7 желтоқсанда ел құрамасынан Оразбек Асылқұлов (57 келі) сынға түсті.
Отандасымыз бұл жолы Кабо-Верде өкілі Элизандру Саншеш да Силвамен жұдырықтасты.
Қазақстандық былғары қолғап шебері алғашқы екі раундта басымдық танытты. Үшінші кезеңде де сол қарқыннан бәсеңдеген жоқ. Төрешілер шешімімен бірауыздан Оразбек жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Енді кешкі сессияда Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) моңғолиялық Даваадал Алтангэрэл, Абылайхан Жүсіпов (70 келі) армениялық Арарат Арутюнянмен қолғап түйістіреді.
Кешкі сессия Қазақстан уақытымен 22:00-ге белгіленген.
Айта кетсек, қазірге дейін ел құрамасынан Даниял Сәбит (51 келі), Сәкен Бибосынов (54 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
ІBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген,. Жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.