Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстандағы миссиядан оралды

АСТАНА. KAZINFORM — Магнитудасы 6,3 жер сілкінісінен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ауғанстанға жіберілген қазақстандық медициналық бригада елге оралды.

Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстандағы миссиядан оралды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Елге кері оралған ақ халаттыларды көпшілік Астана әужайында салтанатпен қарсы алды. 

Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстандағы миссиядан оралды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Біз үш ұлттық орталықтан барған топпыз. Жергілікті ауруханаларда қарапайым қан тоқтататын дәрілер, таңғыш материалдар мен аппараттардың жоқтың қасы. Соған қарамастан 40-тан астам операция жасадық. Элизаров аппаратын өзімізбен апардық, сол құрылғының көмегімен көптеген күрделі сынықтарды емдедік. Науқастардың басым бөлігі — жер сілкінісі салдарынан ауыр жарақат алғандар, көпжарақатпен түскендер және сынықтары бар пациенттер, — деді нейрохирург дәрігер Олжас Бекарысов.

Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстандағы миссиядан оралды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Миссия барысында дәрігерлер Қазақстанның елшілігімен бірге Пәкістан мен Ираннан қайтарылған ауған отбасылары орналасқан босқындар лагеріне де барды. Бұл — аталған аймаққа барған алғашқы шетелдік делегация. Лагерьде медициналық көмекке мұқтаж жүздеген адам бар. Қазақстаннан жіберілген гуманитарлық көмектің негізгі бөлігі дәл осы лагерлерге жеткізілген.

Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстандағы миссиядан оралды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Еркін Тұқымов Қазақстанның бұл бағыттағы қолдауы жалғасатынын айтты.

Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстандағы миссиядан оралды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Біз бүгін нағыз батырларды қарсы алдық. Бұл жолы қауіпсіздікке байланысты тек ер дәрігерлер жіберілді. Қазақстанның Ауғанстанға жүйелі, толықтай қайтарымсыз гуманитарлық қолдау көрсетті. Өйткені қауіпсіз Ауғанстан — қауіпсіз Қазақстан, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық жүк жібергенін жазған едік.

Камила Мүлік

Соңғы жаңалықтар