Қазақстандық дельфийшілер ТМД ойындарында 11 медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы 5-9 қазан аралығында Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен ТМД елдерінің XX жастар дельфий ойындарында 11 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі хабарлады.
Қазақстан командасының қоржынында төрт алтын, үш күміс және төрт қола медаль бар. Осы нәтиженің арқасында Қазақстан бейресми командалық есепте үздік үштікке енді.
Байқауға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан 10-25 жас аралығындағы өнерлі жастар қатысты. Олар фортепиано, скрипка, бейнелеу өнері, академиялық, халықтық және эстрадалық ән айту, халық биі, үрмелі және халық аспаптарында орындау, сәндік-қолданбалы өнер секілді 10 номинация бойынша бақ сынады.
Қазақстан құрамасына ең көп жүлдені әншілер салды. «Академиялық ән айту» номинациясында 17-21 жас санатында Назгүл Байменова бірінші, Нұрай Сайынова екінші орын алды. Ал 22-25 жас санатында Аяжан Серғали қола жүлдегер атанса, Мадияр Айдарбек дипломант болды.
«Халық әні» номинациясында Айзере Төлеу жеңіске жетті. Ұлданы Бисенбі 14-17 жас санатында үшінші орын иеленді. «Эстрадалық ән айту» номинациясында Дәмелі Біржанова екінші орын алса, Асыл Мұрат «Үздік костюм» арнайы жүлдесіне ие болды. Бұл санатта олар 14-17 жас аралығындағы қатысушылар арасында өнер көрсетті. Ал 18-25 жас санатында Алтынай Әйтен қола медаль жеңіп алды.
Аспапта орындаушылар арасында 14-17 жас санатында Айтөре Азаматұлы «Фортепиано» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болды. Досжан Нұрдәулет (14-17 жас) пен Жандар Серікхан (18-25 жас) дипломант атанды.
«Халық аспаптары» номинациясында 14-17 жас санатында Ахмет Нұрпейіс күміс медаль жеңіп алды. Ералы Исаев (14-17 жас) пен Кәмила Қанафина (18-25 жас) дипломант атанды.
«Үрмелі аспаптар» номинациясында 14-17 жас санатында Ділдә Серікхан үшінші орын алды. Ал скрипкашы Регина Джамбазова дипломант атанып, арнайы жүлдеге ие болды.
Қазақстан құрамасына тағы бір алтын медальді 15-18 жас санатында «Сәндік-қолданбалы өнер» номинациясында өнер көрсеткен Әнел Рысбек сыйлады.
Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Ұлттық дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова Қазақстан халықаралық ойындарда дәстүрлі түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатқанын айтты.
— Құраманың жоғары нәтижесі — ұлттық кезеңдегі қазылар алқасы төрағаларының жүйелі тәлімгерлік жұмысының жемісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері финалистердің дайындығын жеке үйлестіріп, олардың орындаушылық шеберлігін шыңдауға және байқауға арналған репертуарын қалыптастыруға көмектесті, — деді Құралай Түспекова.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Мэриленд штатындағы Монтгомери округінде, Вашингтоннан шамамен 10 минуттық жерде орналасқан Carderock Recreation Area саябағында қазақ диаспорасы ұйымдастырған «Бас қосу» пикнигі өткені жайлы жазған едік.