Қазақстандық достарымызды 9 мамырда Жеңістің 80 жылдығында күтеміз — РФ Президенті
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара әрекеттестікте гуманитарлық байланыстар маңызды орын алып отыр. Бұл туралы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстан Республикасына кезекті мемлекеттік сапары аясында «Казахстанская правда» газетінде басылған мақаласында айтты.

«Екі тарап та мәдениет, спорт, қоғамдық және жастар арасында, сондай-ақ білім беру саласында ынтымақтастықты кеңейту үшін көптеген жұмыс атқаруда. Ресейдің жоғары оқу орындарында шамамен 60 мың қазақстандық студент оқып жүр. Ал Қазақстанда Ломоносов атындағы ММУ секілді жетекші ресейлік университеттердің филиалдары табысты жұмыс тұр. Жақында Астанада Ресей Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) филиалы да ашылмақ, оның түлектері арасында танымал қазақстандықтар, соның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та бар», — деп еске салды РФ Президенті.
Сондай-ақ Ресей Президенті келесі жылы қос мемлекет Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтетінін тілге тиек етті. Осы ретте Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты 9 мамырда Мәскеуде өтетін ауқымды іс-шараға шақырды.
«Президент Тоқаевты және қазақстандық достарымызды 9 мамырда Мәскеуде өтетін мерейтойлық шараларда күтеміз. Ресейде де, Қазақстанда да халық әкелері мен аталарының нацизмге қарсы иық тіресе күрескен ерлігін ұмытқан жоқ және құрметпен есте сақтайды. Ал біз, әрине, болашақ ұрпақ бейбітшілік пен бостандық қандай бағамен қорғалғанын есте сақтауы үшін барлығын істеуіміз керек. Бұл, әсіресе, тең құқықты ынтымақтастыққа негізделетін және егеменді дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашатын көпполярлы әлемдік тәртіп қалыптасып жатқан уақытта ерекше маңызға ие», — деді Ресей Президенті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президенттің шақыруымен Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін жазған болатынбыз. Осы орайда, еліміздің беделді басылымдарының бірі — «Казахстанская правда» газетінде мақаласы жарияланып, іргелес мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы ойын жеткізді.