Қазақстандық екі дзюдошы «IJF Judo Awards 2024» жүлдесіне үміткер атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) 2024 жылғы спорт маусымын қорытындылайтын «IJF Judo Awards 2024» жүлдесіне үміткерлер тізімін жариялады.

Елдос Сметов
Коллаж: Kazinform

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі атап өткендей, аталған беделді жүлдеге екі бірдей қазақстандық татами шебері үміткерлер тізіміне енген.

Атап айтсақ, Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов «Ерлер арасындағы жылдың үздік дзюдошысы (Male Judoka of the Year)», ал Ғалымжан Қырықбай «Үздік иппон (Best Ippon)» аталымында үміткерлер қатарына қосылған.

«Ерлер арасындағы жылдың үздік дзюдошысы (Male Judoka of the Year)» аталымы бойынша Париж Олимпиадасының 7 чемпионы үміткер болса, «Үздік иппон (Best Ippon)» аталымында 20 дзюдошының таңдаулы әдісі іріктелген. Атап айтқанда, қазақстандық Ғалымжан Қырықбайдың Тблисиде өткен әлемдік Grand Slam жарысындағы әдісі үздіктер қатарынан табылған.

«IJF Judo Awards 2024» жүлдесіне 8 аталым бойынша 63 кандидат ұсынылған. Үздіктерді анықтау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – онлайн дауыс беру, екінші кезең – IJF Judo Awards комитетінің қысқаша тізімнен таңдауы.

Дауыс беру кезеңі 10 желтоқсаннан 10 қаңтарға дейін жалғасады. Әр қатысушы дауыс беру кезеңінде әр аталым бойынша бір ғана дауыс бере алады. Дауыстар жіберілгеннен кейін өзгертілмейді және соңғы болып есептеледі. Жеңімпаздар IJF Judo Awards 2024 шарасы кезінде жарияланады. Жеңімпаздар Paris Grand Slam 2025 кезінде өтетін тікелей эфирдегі Judo Awards 2024 марапаттау рәсімінде жарияланады.

Дауыс беру мына сілтеме бойынша жүргізіледі.

Осыған дейін қазақстандық спортшының сурдо дзюдодан халықаралық жарыста күміс алғанын жаздық. 

 

Соңғы жаңалықтар