Қазақстандық IT жоба әлемдегі үздік 5 бастаманың қатарына енді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық IT жоба WSIS Prizes 2025 нұсқасы бойынша әлемдегі үздік 5 бастаманың қатарына енді. 

Қазақстандық IT-жоба әлемдегі үздік 5 бастаманың қатарына енді
Photo credit: freepik.com

Қазақстаннан «Ахуалдық-талдамалық кешені» (АТК) цифрлық жобасы WSIS Prizes 2025 халықаралық байқауының «Үкіметтердің және АКТ-ны дамыту үшін ілгерілетудегі барлық мүдделі тараптың рөлі» номинациясында финалистердің бестігіне кірді.

Байқауды жыл сайын БҰҰ қолдауымен Халықаралық телекоммуникация одағы (ITU) өткізеді. Биыл оған әлемнің түкпір-түкпірінен 973 жоба қатысты. Іріктеудің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша әрқайсысы 20-дан 18 номинация бойынша 360 жоба іріктелді. Мәреде әр номинация бойынша 5 жоба. Қазақстанмен бірге Өзбекстан, Руанда, Мексика және Біріккен Араб Әмірліктерінің бастамалары өз номинациясында финалистің қатарына кірді.

Президент Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы әзірлеген АТК жобасы - мемлекеттік сектордағы деректерді талдауға, мониторингілеуге және жедел басқаруға арналған инновациялық цифрлық платформа. Жүйе нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Ақпаратты жинау, визуализациялау және өңдеуді қамтамасыз етеді. Стратегиялық шешімдер қабылдауға және мемлекеттік органдар қызметінің негізгі көрсеткіштерін бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Платформа бүкіл ел аумағында әлеуметтік-экономикалық дамудың түрлі бағыттары бойынша 500-ден астам индикаторды қамтиды. Бүгінде АТК Президент әкімшілігі мен Президент Іс басқармасында енгізіліп, табысты іске асырылып жатыр.

— Жеңімпаздарды финалдық іріктеуді ITU сарапшы қазылар алқасы жүзеге асырады. Соңғы нәтижелер 2025 жылдың 8 шілдесінде Женевада (Швейцария) ақпараттық қоғам мәселелері бойынша Дүниежүзілік жоғары деңгейдегі кездесудің 20 жылдығына арналған WSIS+20 high-Level Event аясында жарияланады, — делінген хабарламада.

WSIS Prizes — халықаралық телекоммуникация одағы (ITU) ақпараттық қоғам мәселелері бойынша Дүниежүзілік жоғары деңгейдегі кездесу (WSIS) аясында құрған халықаралық сыйлық. Оның мақсаты — Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдаланатын үздік әлемдік тәжірибелерді анықтау және ілгерілету.

Айта кетелік, шетелге танылған қазақстандық IT жобалар туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар