Қазақстандық оқушылар Халықаралық физика олимпиадасында 1-орын алды

АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында Халықаралық ғылыми физика олимпиадасы (ISPhO-2025) мәресіне жетті. Білім бәйгесінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленіп, әлемдік көшбасшылар қатарына енді. 

Қазақстандық оқушылар Халықаралық физика олимпиадасында 1-орын алды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, әлемнің 21 елінен келген қатысушылар арасында 5 жас қазақстандық елге он марапатпен оралды. 

Олимпиада екі негізгі кезеңнен тұрды: теориялық және эксперименттік кезең. Әр қатысушы жеке есепте екі бағыт бойынша бағаланды. 

Жарыс қорытындысы бойынша Алматы қаласы «Мирас» мектебінің 11-сынып оқушысы Роман Черемнов, Қостанай облыстық «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Таир Әбдіқадыр, Астана қаласындағы РФММ-нің 11-сынып оқушысы Альтаир Аканов, Алматы қаласындағы РФММ-нің 10-сынып оқушысы Илияс Қазымбек күміспен күптелді. Сондай-ақ Астана қаласы «NURORDA» мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Даниэль Тюлюбаев қола жүлдеге қол жеткізді. 

Қазақстандық оқушылар Халықаралық физика олимпиадасында 1-орын алды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Теориялық айналым нәтижелері бойынша 1-дәрежелі дипломмен Роман Черемнов пен Илияс Қазымбек; 2-дәрежелі дипломмен Даниэль Тюлюбаев, Таир Әбдіқадыр және Альтаир Аканов марапатталды. 

Айта кетейік, оқушыларға Самат Максутов (PhD доктор) пен Назарали Айтжанов (CDU доценті) жетекшілік етті.  

Қазақстандық оқушылар Халықаралық физика олимпиадасында 1-орын алды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Бұған дейін қазақстандық оқушылардың Литвадағы Еуропа олимпиадасында 7 медаль жеңіп алғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар