Қазақстандық шаруалар Ресеймен неге бәсекелесе алмайды – министр жүйелі проблемаларды атады

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру үшін ауқымды жұмыс жүргізуді тапсырған еді. Ауыл шаруашылығы министрлігі салаға кеңейтілген талдау жүргізіп, жүйелі проблемалар мен кедергі болып тұрған факторларды анықтаған. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндады.

«Бірінші мәселе – статистиканың көрсеткіштерін ретке келтіру. Көп жыл бойы қалыптасқан есептеу әдістемесін өзгерту керек. Сонда бұрмаланған деректер болмайды. Сенімді деректерге сүйеніп, заман талабына сай есептеудің жаңа тәсілдерін қолдануымыз қажет. Бұл үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелеріне ауыл шаруашылығындағы деректерді ретке келтіру міндеті жүктелді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министр айтқан екінші мәселе – өсімдік шаруашылығындағы әртараптандыру негізінен қағаз жүзінде жүруде. Қазақстанда елдің негізгі астық егетін өңірлерінде монодақыл – бидай басым, бұл әлемдік нарықтарда бағалардың ауытқуы кезінде саланы осал етеді, сондай-ақ топырақтың жай-күйіне теріс әсер етеді. Аудандар мен сын-қатерлерді әртараптандыру керек, яғни жоғары рентабельді сұранысқа ие дақылдар өндіріліп, ауыспалы егістер сақталуы керек. Алайда, әзірге бұл жұмыс өте сылбыр жүруде.

Үшінші мәселе – қолданылатын агротехнологиялардың және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынының төмендігі. Елде тыңайтқыштарға ғылыми негізделген қажеттіліктің тек 21%-ы енгізілуде, элиталық тұқымдар үлесі – 7% ғана, техниканы жаңарту деңгейі – 4,5%.

«Нәтижесінде бізде өнімділік төмен және өнімнің өзіндік құны қымбатқа шығады. Қазақстандық фермердің өнімділігі 9-10 ц/га аспайды, олар көрші Ресейде 20-25 центнер алатын фермерлерімен бәсекелесе алмайды. Бұл жағдай ресейлік астықтың біздің дәстүрлі экспорттық нарықтарымызда, сондай-ақ ішкі нарықта демпинг жасауына себеп болды, ресейлік өнімдер жеткізу шығындарын қоса алғанда, отандық өнімдерден арзан болады», - деді А. Сапаров.

Сондай-ақ, министр мал шаруашылығында төмен өнімділіқ байқалып отырғанын айтты. Қазақстанда ірі қара малды сауу, жұмыртқа өндіру және тірілей ет салмағы көрші Ресейге қарағанда едәуір төмен. Мысалы, Қазақстанда 1 ірі қара мал басына орташа сүт 2395 келі болса, Ресейде – 5134 келі, салдарынан қазақстандық өнімнің өзіндік құны жоғары.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы үшін ең өзекті мәселе – саланың жылдар бойы қаржыландырылмауы. Бұл жоғарыда аталған көптеген мәселелердің негізгі себебі. Тапшылыққа байланысты фермерлер тыңайтқыштардың, өсімдіктерді қорғау құралдарының жеткілікті мөлшерін пайдаланбайды, ескі техникада жұмыс істейді, бұл ауыл шаруашылығындағы тиімділік пен өнімділіктің төмендігіне әкеледі. Мәселені түбегейлі шешу үшін фермерлерді дер кезінде қолжетімді қарыз қаражатымен қамтамасыз ету маңызды. Президент тапсырмасымен биыл салаға қаржы тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізіледі. Бюджет қаражаты ғана емес, басқа да көздер, оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің капиталы да көзделіп отыр», - деді Айдарбек Сапаров.

Соңғы жаңалықтар