Қазақстандық шпагашылар Ташкентте өтетін әлем кубогы кезеңіне қатысады
АСТАНА. KAZINFORM — 3-6 желтоқсан аралығында Өзбекстан астанасы Ташкентте семсерлесуден (шпага) әлем кубогының кезеңі өтеді.
Қазақстан ерлер құрамасы жекелей және командалық жарыстарда бақ сынайды.
Жекелей сынға қатысатын ұлттық құрама сапына 12 спортшы кірді. Олар: Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов, Нұржан Әбжанов, Эльмир Әлімжанов, Александр Федотов, Алексей Касаткин, Богдан Лукин, Ғабидин Мұстафин, Кирилл Павлов және Георгий Тинников.
Ал командалық жарыста Қазақстан намысын Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов қорғайды.
Айта кетейік, әлем кубогының бұған дейінгі кезеңі Швейцарияның Берн қаласында өткен болатын. Сол жарыста Вадим Шарлаимов жекелей сында қола медаль иеленді.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық семсерлесуші Айбар Қайым Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алғанын хабарлаған едік.