Қазақстандық төрешілер Конференция лигасында қызмет атқарады

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінің ойындарында қазақстандық екі төрешілер бригадасы қызмет атқарады.

Қазақстандық төрешілер Конференция лигасында қызмет атқарады
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Болат Сариев 24 шілдеде Болгарияның Кырджали қаласында өтетін ойында бас төреші болады. Онда жергілікті «Арда» мен НСИ Рунавик (Фарер аралдары) / ХИК Хельсинки (Финляндия) жеңімпазымен кездеседі. Оған Денис Лабашов пен Сергей Васютин көмекші болады. Қосалқы төреші – Арман Исмұратов.

Ал 31 шілдеде Румынияның Крайова қаласында өтетін жергілікті «Университатя Крайова») мен «Сараево» (Босния және Герцеговина) арасындағы кездесуде Данияр Сахи бас төреші болады. Оның көмекшілері - Самат Тергеусізов пен Евгений Бельский. Қосалқы төреші қызметін Георгий Чеховский атқарады.

Сондай-ақ қазақстандық төрешілер UEFA Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде жұмыс істейтін болды.

Қазақстандық Саят Қарабаев «Шкендия» (Македония) мен TNS (Уэльс) арасындағы ойында бас төреші болады. Оған Юрий Тихонюк пен Дмитрий Белоградов көмектеседі. Төртінші төреші қызметін Арман Исмуратов атқарады.

Матч 15 шілде күні Скопьеде Қазақстан уақытымен 23:00-де басталады.

Соңғы жаңалықтар