Қазақстандық жас теннисші әлемдік рейтингіде 58 саты жоғары көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жария еткен әлемдік рейтингіде қазақстандық теннисшілердің орны анықталды.
Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Елена Рыбакина 5-орнында қалса, Юлия Путинцева 28-ден 29-ға сырғыды.
Жібек Құламбаева 322-ден 324-ке, Сандуғаш Кенжебаева 866-дан 896-ға төмендесе, Зарина Дияс 388-ден 381-ге шықты.
Жаңартылған рейтингіде ерекше көтерілген 19 жастағы Аружан Сағындықова болды. Өткен аптада Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF W15 турнирінің ширек финалына дейін жеткен А.Сағындықова 1040-тан 982-ге (+58) жоғарылап, ТОП-1000-ға кірді.
Сондай-ақ тағы бір жас теннисші Соня Жиенбаева 660-тан 639-ға (+21) көтерілді.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина бұрынғыша 22-орында келеді.
Бүгін Елена Рыбакина Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) WTA қорытынды турнирінде екінші ойынында әлемнің 7-ракеткасы, қытайлық Чжэн Циньвэньмен шеберлік таластырады. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 17.30-да басталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA қорытынды турнирінде Елена Рыбакинаның алғашқы кездесуінде жеңіліп қалғанын жазған едік.