Қазақстандықтар емделу үшін қай елдерге барады

 денсаулық
Фото: Pexels

Қазақстанның медициналық қызметтер нарығы жылына 200 млн АҚШ долларына дейін экономикалық пайдасын жоғалтуда, себебі жылына 50 мың қазақстандық ем алу үшін шет мемлекеттерге барады.

Бұл туралы «Астана даму орталығы» ЖШС медициналық туризмді дамыту жөніндегі басқарушы директоры Дарина Демян айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Медицинаның жаһандану дәуірінде, халықаралық саяхаттар мен медициналық ақпараттар интернетте оңай қолжетімді кезінде медициналық туризм жаһандық денсаулық сақтау жүйелері үшін де, туризмді дамыту тұрғысынан да маңызды мәселеге айналды. Бүгінде бұл – өзіндік бірегейлігі мен ерекешелігі бар медициналық қызметтердің үлкен нарығын қалыптастырған тұтас сала. Мұндай турларды жобалауға дәрігерлер, туристік агенттіктер, заңгерлер және сақтандыру компаниялары сынды әртүрлі мамандар жұмылдырылған», - деді Д. Демян Астана қаласының коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, 2000 жылдардың басынан бері медициналық туристердің негізгі ағымы батыс елдерінен шығысқа қарай жылжыды. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасы, Оңтүстік-Шығыс Азияның кейбір елдеріне жиі бара бастады.

«Әсіресе, өз үкіметтерінен мемлекеттік қолдау алып отырған, медициналық туризмді дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламалары Корея, Түркия, БАӘ ерекше белсенді. Түрлі деректер бойынша аталған елдерге Қазақстаннан жыл сайын шамамен 200 млн АҚШ доллары аударылады (жылына 50 мың адам), нәтижесінде жергілікті медициналық қызметтер нарығы әлеуетті экономикалық пайдасын жоғалтады», - дейді спикер.

Соңғы бірнеше жылда медициналық туризм нарығының әлемдік көлемі 10 миллиардтан 140 миллиард АҚШ долларына дейін, ал медициналық туристер саны – жылына 5 миллионнан 16 миллионға дейін жеткен.

Халықаралық статистикаға сәйкес, медициналық туристердің 85 пайызы анағұрлым сапалы медициналық қызмет үшін барады. Әрбір медициналық турист бір сапарында 5-14 мың долларға дейін жұмсайды.

Медициналық туристердің 15 пайызы өз елінде кезек күтпестен, шұғыл көмек көмек алу үшін шетел асады. Ал 25 пайызы – медициналық қызмет үшін қаражатын үнемдеуді көздейді.

Соңғы жаңалықтар