Қазақстандықтар криптовалютамен төлеп, смартфоннан инвестиция сала ала ма: Ұлттық банк төрағасының орынбасарымен сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір цифрлық теңгеге көшу қажет пе? Ақшаны стейблкоиндерде сақтау қаншалықты қауіпсіз? Болашақта дүкендерде криптовалютамен есеп айырысу шынымен мүмкін бола ма? Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов Kazinform агенттігінің тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында сауалдарға жауап берді.
– Сарапшылардың бағалауынша, қазақстандықтардың криптоәмияндарының саны миллионға жуықтаған. Олардың басым бөлігі шетелдік платформаларда тіркеліпті. Ал 1 мамырдан бастап елде цифрлық активтер нарығын реттеу жүйесі қолданысқа енгізілді. Қазір қанша адам заңды платформаларға көшті, реттелетін сектордағы криптоактивтердің көлемі қанша?
– Бұл активтерге қызығушылық жоғары, сондықтан цифрлық активтерді пайдаланушыларды қорғауымыз керек. Азаматтар реттелетін компаниялардың қызметін пайдаланып, қаражатқа кім жауапты екенін нақты білуі маңызды.
Кейінгі жылдары осы бағытта ауқымды заңнамалық жүйе құрылды. 2023 жылы цифрлық активтер туралы негізгі заң қабылданды. Кейін банктермен және финтех-компаниялармен бірлесіп жаңа сервистерді сынақтан өткізу үшін «реттеуші құмсалғыш» режимі іске қосылды. Биыл 1 мамырдан бастап нарықты кешенді реттеу жүйесі қолданысқа енгізілді. Оған қоса цифрлық қаржы активтері, соның ішінде стейблкоиндерді шығару және криптовалюталардың заңды айналымы бойынша ережелер бекітіліп, провайдерлерге қойылатын талап белгіленді.
Қазірдің өзінде лицензия алған криптоайырбастау орындары жұмыс істеп тұр. Қазақстан қор биржасы (KASE) цифрлық қаржы активтері платформасы мен цифрлық активтер саудасы платформасының операторы мәртебесін алды. Бұл жаңа нарықты қор биржасының инфрақұрылымына лайықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік крипторезерв құрылғанын айта кеткен жөн.
Келесі маңызды қадам – 7 шілдедегі цифрлық активтер индустриясын дамыту туралы Президент Жарлығын жүзеге асыру. Осы мақсатта Ұлттық банк, Үкімет және басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Алдағы уақытқа инфрақұрылымды дамыту, жаңа қаржылық сервистерді енгізу, активтерді токендеу, инвестиция тарту секілді қадамдар жоспарланған.
Осы мүмкіндікті халық пен бизнес үшін қолайлы етуге басымдық беріп отырмыз. Криптопровайдерлердің банктермен және төлем сервистерімен байланысын дамытып, жаңа өнімдер әзірлеудеміз. Отандық провайдерлер жүргізілетін операцияларға салықтық ынталандыру шарасы да назарда. Өйткені азаматтар реттелетін ортада жұмыс істеудің нақты артықшылығын сезінуі керек. Ол – қолайлы сервис, түсінікті шарт және өз құқығын қорғау мүмкіндігі.
Статистикаға келсек, криптоәмияндардың саны нақты жағдайды толық сипаттай алмайды. Өйткені бір адамның бірнеше әмияны болуы мүмкін. Сондықтан қазір клиенттер, операциялар мен активтер бойынша статистика қалыптастыруға кірістік. Бір жылдағы міндетіміз де осы болмақ, яғни заңды нарықты тартымды етуға күш саламыз. Реттеу жүйесі ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылды.
– Қазақстанда қазірдің өзінде QR-код пен POS-терминал арқылы криптовалютамен төлем жасауға болады. Мұндай мүмкіндік Alatau City Bank жобасы аясында 5 мыңнан астам сауда нүктесінде қолжетімді екені белгілі. Осындай сервис басқа банктерде қашан пайда болады? Сіздің ойыңызша, бұл қызмет халық арасында қаншалықты сұранысқа ие болуы ықтимал?
– Бұл жерде дүкенмен есеп айырысу теңгемен жүргізілетінін ұққан дұрыс. Қаражат көзі ретінде криптовалюта әмияны пайдаланылады, ал төлемнің өзі ұлттық валютамызға айырбасталады. Демек, сатып алушы үшін бәрі әдеттегідей: QR-кодты сканерлеу немесе терминал арқылы картамен төлем жасау сол күйі қалады.
Алайда өзгеріс сервистің ішінде жатыр. Криптовалюта реттелетін алаң арқылы теңгеге айырбасталады, кейін сатушының шотына қаражат теңгемен түседі. Мұндай тәсіл цифрлық активті қолданыстағы төлем инфрақұрылымымен байланыстыру икемді.
Қазір бұл модельді Alatau City Bank жобасы аясында «реттеуші құмсалғыш» режимінде сынақтан өткізіп жатырмыз. Президент Жарлығын іске асыру шеңберінде оны кеңінен таратуға қажетті заңнамалық негіз әзірленуде. Тиісті нормалар қабылданып, пилоттық жобаның нәтижесі бағаланғаннан кейін басқа банктер криптопровайдерлермен бірлесіп осындай сервистерді дамыта алады. Нақты мерзімі нарық қатысушыларының дайындығына байланысты. Меніңше, сервис цифрлық актив иелеріне, соның ішінде шетелдік қонақтарға қызықты болатыны анық.
Дегенмен мұндай төлем тәсілі күнделікті төлем жасау дағдысын бірден өзгертеді деп айтпас едім. Себебі елде дәстүрлі банк қосымшалары, карта мен QR-төлемдер өте ыңғайлы. Сондықтан аталған тәсіл азаматтардың өз активін пайдаланудің қосымша мүмкіндігі ғана. Нарық үшін жаңа қаржылық өнімді дамыту құралы ретінде бағалануы қажет. Сервиске деген сұраныс оның қолайлылығына, айырбастау құны мен пайдаланушылардың сеніміне тәуелді.
– 19 шілдеден бастап цифрлық теңге заңды төлем құралы мәртебесіне ие болды. Оның банк картасындағы кәдімгі ақшадан айырмашылығы неде, азаматтарға қандай нақты пайда бар? Қазір қанша цифрлық шот ашылды және қазақстандықтар онымен дүкендерде қашан төлем жасай алады?
— Цифрлық теңге – қолма-қол және есепшоттағы ақшамен қатар қолданылатын ұлттық валютамыздың үшінші формасы. Бір цифрлық теңге банк картасындағы бір теңгеге тең.
Негізгі айырмашылық ақшаны кім шығаратынына байланысты. Банк картасындағы қаражат – коммерциялық банктің тұтынушы алдындағы жауапкершілігі. Ал цифрлық теңгені тек Ұлттық банк шығарып, айналымнан алып тастай алады. Операциялар да Ұлттық банктің платформасында жүргізіледі. Негізінен, бұл – қолма-қол ақшаның цифрлық баламасы.
Цифрлық теңгеге қолданыстағы банктік құпия режимі және дербес деректерді қорғау туралы заңнама талаптары қолданылады. Осылайша, азаматтардың транзакцияларының құпиясы қамтамасыз етіледі. Тұтынушылар мен олардың қаражаты туралы ақпаратқа тек қызмет көрсететін банк қол жеткізе алады. Мұндай ақпарат тұтынушының келісімі болған жағдайда немесе заңда көзделген негіз арқылы ғана ашылады. Бұл ретте банк шоттарына қатысты қолданыстағы тәртіп сақталады.
Екінші ерекшелік – бағдарламалау мүмкіндігі. Цифрлық теңгеге арнайы белгі қойып, смарт-келісімшарт арқылы пайдалану шартын белгілеуге болады. Мысалы, жол құрылысына бөлінген қаражатты тек көзделген мақсатқа және тиісті мердігердің жұмысына ғана жұмсауға мүмкіндік бар. Сол себепті цифрлық теңгені енгізуді бюджет қаражатынан бастадық. Мұның қоғам үшін пайдасы айқын: қаражаттың жұмсау жолы ашық көрініп, мақсатсыз пайдалану азаяды.
Қарапайым азаматтарға қандай пайдасы бар? Тікелей пайдасы әзірге көп болмауы мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай. Дегенмен жанама пайдасын айтуға болады. Цифрлық теңге әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын ашық етеді. Болашақта цифрлық теңгені атаулы әлеуметтік төлемдерге де қолдануға болады. Мұндай жағдайда қаражаттың нақты алушыға жетуі, белгіленген мақсатқа жұмсалуы айқын көрінеді.
Қазіргі уақытта 353 млрд теңгеден астам цифрлық теңге шығарылды. Үкіметпен бірлесіп, алдағы жылдары цифрлық теңгемен жүргізілетін операция көлемін 2 трлн теңгеге жеткізуді мақсат етіп отырмыз.
Бүгінде цифрлық шот ашудың техникалық мүмкіндігі әзірленген. Ал цифрлық шотты бөлшек саудада жаппай қолдану банктерге әрі сұраныс байланысты. Бұл бағытты нарық қатысушылары мен қоғам сұранысын ескере отырып, кезең-кезеңімен дамытуды жоспарлап отырмыз.
Ешкімді цифрлық шот ашуға міндеттемейміз. Азаматтардың қолында онсыз да ыңғайлы банк өнімдері бар, олармен бәсекелесу ойымызда жоқ.
– Төлем жасауды жеңілдететін тағы бір құрал ретінде стейблкоин айтылып жүр. Теңгеге байланған токендер шығарылып жатыр. Халық оларды дүкенде жаппай пайдаланып, шетелге ақша аударуды қашан бастай алады?
– Ең алдымен, теңгемен қамтамасыз етілген стейблкоин неге керегін білуіміз керек. Стейблкоин USDT және басқа шетелдік стейблкоиндерге отандық балама ретінде қажет. Осындай құралға деген сұраныстың бір бөлігін ел ішінде, ұлттық валютамен және өз заңнамамызға сәйкес қамтамасыз еткіміз келеді. Яғни, халық цифрлық активтер нарығында долларлық стейблкоинге тәуелді болмай, теңгеге байланған токенді пайдалана алады.
Стейблкоиндердің мүмкіндігі бұдан да кең. Блокчейн технологиясының арқасында операцияларды жеделдетіп, делдал санын азайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе трансшекаралық есеп айырысу бағытында әлеуеті орасан. Өйткені мұндай аударымдардың мерзімі мен құны көбіне бірнеше банктің ұзақ операциялық тізбегіне тәуелді екенін білеміз. Ал стейблкоиндер операцияларды жылдам әрі арзан жүргізуге жол ашады.
Ұлттық банктің талаптарына сәйкес шығарылған стейблкоиндерді ақы төлеу кезінде немесе трансшекаралық есеп айырысу барысында пайдалану үшін заңнамалық өзгерістерді әзірлеп жатырмыз. Сонымен қатар халықаралық операцияларға қатысты валюталық бақылау, қатысушыларды тексеру тетігі пысықталуда.
Қажетті нормалар қабылданып, банктер мен провайдерлер тарапынан қолайлы сервис дамыған кезде стейблкоиндер жаппай пайдаланылуы мүмкін. Бұл үшін қажетті жағдай жасап жатырмыз, ал нақты өнімнің келешегін нарық шешеді. Мұндай құралдың құны, жылдамдығы және қолайлылығы маңызды.
– Осы ретте қауіпсіздікке қатысты сұрақ туындайды. Стейблкоин иелерінің қаражаты қаншалықты қорғалған? Егер оларды шығарған компания банкрот болса немесе қызметін тоқтатса, пайдаланушылардың ақшасы қайда кетеді? Қаражатты қайтару бойынша қандай кепілдік қарастырылған?
– Бұл жерде шетелдік стейблкоиндер мен Қазақстанның ережелеріне сәйкес шығарылған құралдардың аражігін ажыратайық. Заңнамаға сәйкес, USDT және USDC секілді шетелдік стейблкоиндер қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер санатына жатады. Олардың айналымына тиісті лицензиясы немесе есептік тіркеуі бар реттелетін провайдерлер ғана араласа алады. Бұл – құқықтық жіктеу.
Әрине, бұл аталған активтерге сенім төмен немесе шетелдік эмитенттің резервтері мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Айтқымыз келгені, резервтерге қойылатын талап мен актив иелерін қорғау тетігін біз емес, ең алдымен эмитент ресми тіркелген елдің заңнамасы реттейді.
Ал отандық стейблкоинның базалық активі – ақша. Ол цифрлық активтермен ұлттық валютада операция жүргізуге мүмкіндік береді әрі заңнамаға сәйкес құқық қорғау жолы бар.
Жалпы стейблкоинді шығару үшін оған тең қаражат отандық банктегі бөлек шотқа орналастырылуы керек. Әрбір токеннің қаражаты эмитенттің өз қаржысынан бөлек есептеледі. Ұлттық бұл резервтерді пайдалануды, инвестиция салуды шектейді.
Эмитент банкрот болған жағдайда оның қамтамасыз ету қаражаты мен инвестиция есебінен сатып алған активтері компанияның конкурстық массасына қосылмайды. Оларды компанияның басқа қарызын өтеуге пайдалануға болмайды. Эмитент қызметін тоқтатқан жағдайда токендерді өтеу жөніндегі міндеттеме орындалуы керек. Бұл қаражат стейблкоин иелерінің алдындағы міндеттемені орындауға арналған.
Компанияның уәдесі ғана емес, бөлек сақталған қамтамасыз ету қаражаты да назарда болады деген белгі. Дегенмен әрбір адам токенді сатып алмас бұрын оны өтеу шарты мен тәуекелдерін түсінсе екен.
– Биыл Ұлттық стратегиялық крипторезерв құрылды. Қазір оның құрамында қандай активтер бар, қанша қаражат инвестицияланды және ол қандай бағыттарға салынды?
– Ұлттық стратегиялық крипторезерв 2025 жылғы желтоқсан айында құрылды. Оған Ұлттық банктің алтын-валюта активтері мен Ұлттық қордың активтерінен тең көлемде, жалпы сомасы 700 млн АҚШ доллары бөлінді. Бұл активтерді әртараптандыруға, инвестиция арқылы басқару құрылымын жүйелеуге көмек бермек.
Крипторезерв қаражатын цифрлық активтерге, базалық активі цифрлық активке негізделген қаржы құралдарына, сондай-ақ цифрлық активтер саласында жұмыс істейтін компаниялардың акциясы мен үлесіне инвестициялауға болады.
Қазір крипторезервтің инвестициялық портфелі кезең-кезеңімен қалыптастырылып жатыр. Бұл ретте инвестициялық құралдар мұқият іріктеліп, олардың кірісі мен тәуекелі бағаланады. 2026 жылғы қазан айының қорытындысы бойынша 700 млн АҚШ долларының шамамен 190 млн доллары хедж-қорлар мен биржалық инвестициялық қорларға салынды.
Мысалы, өткен жылы Ұлттық қордың жеке капитал портфелін үшін жасанды интеллект саласындағы жетекші компаниялардың бірі – Anthropic-ке инвестиция салынды. Содан бері компанияның бағалау құны бірнеше есе өсті. Мұндай инвестициялар портфельдің шағын бөлігі ғана болғанымен, технологиялық бағыт пайда табудың тиімді әдісі екінін көрсетті. Осыған ұқсас әдісті Крипторезерв аясында қолдануға мүмкіндік бар.
— Жаңа ережеге сәйкес, жеңілдетілген тарифпен электр энергиясын алатын майнерлер өндірген криптовалютаның 10 пайызын крипторезервке аударуы тиіс. Криптоавлютаға қылмыстық істер бойынша тәркіленген криптоактивтер де түсуі мүмкін. Қазір осындай активтер резервке түсті ме, олардың көлемі қанша?
— Расында, Крипторезервті сот шешімімен мемлекетке өткен цифрлық активтер арқылы, сондай-ақ стратегиялық цифрлық майнинг аясында алынған активтер есебінен толықтыру жоспарланып отыр. Оларды есепке алу және сақтау Орталық бағалы қағаздар депозитарийінің құзыретінде.
Құқық қорғау органдармен бірлесіп цифрлық активтерді тәркілеу тетігі әзірленіп жатыр. Сол арқылы активтерді есепке алу, сақтау, сот шешіміне сәйкес өзге тарапқа беру мәселесі жүйеленеді. Осы мақсатта заңнамалық өзгерістер мен ведомствоаралық іс-қимыл тәртібі нақтылануда. Алдағы уақытта процеске қатысушылардың өкілеті, активтерді беру негізі және әр кезеңдегі сақтауға қатысты жауапкершілік айқындалады.
Сот шешімі негізінде мемлекет балансына өткен цифрлық активтерді Крипторезервке аудару үшін «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ-ның сенімгерлік басқаруына беріледі. Стратегиялық майнинг аясында алынған цифрлық активтер туралы да өзгерістер әзірленіп жатыр. Кейін мұндай активтер де акционерлік қоғамның басқаруындағы Крипторезервке түседі.
– Бүгінде төлем инфрақұрылымы өзгерді. Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы шот ұсыну, маркетплейстерде карта дерегін енгізбей-ақ ақы төлеу, статикалық QR-кодты пайдалану сервистері іске қосылмақ. Аталған қызметтердің барлығы техникалық тұрғыдан дайын ба?
– 19 шілдеден бастап жүйе толық жұмыс істеп тұр. Оған барлық банк қосылған. Клиенттер телефон нөмірі арқылы ақша аударып, кез келген банктің терминалында бірыңғай QR-кодпен төлем жасай алады. Сатып алушы үшін төлем тегін. Бұл – функционалы кезең-кезеңімен кеңейтілетін негізгі инфрақұрылым. Бұл үш сервистің бәрі техникалық тұрғыдан іске асырылды. Қазір банктерді жүйеге қосу әрі олардың бизнес-процесін реттеу жұмысы ғана қалды.
Бірінші сервис – түрлі банктің клиенттері арасында төлем шотын жіберу. Халықаралық тәжірибеде бұл Request to Pay деп аталады. Кәсіпкер немесе жеке тұлға төлем шотын жібереді, ал алушы оны өз банкінің қосымшасынан көріп, бір батырманы басу арқылы төлемді растайды. Енді деректі дауыстап айту, скриншот жіберу қажет емес. Қызмет ақысын, жалдау төлемін немесе әлеуметтік желілер арқылы жасалған тапсырыстарды төлеуге ыңғайлы.
Екінші сервис – интернет-дүкендер мен маркетплейстерде төлем жасау. Сатып алушы банкаралық жүйе арқылы төлем жасау тәсілін таңдайды. Содан кейін автоматты түрде өз банкінің қосымшасына өтіп, төлемді растайды.
Үшінші сервис – статикалық QR-код, яғни жапсырма түріндегі код. Оны кассалық терминал жоқ жерлерде пайдалануға болады. Мысалы, автотұрақтарда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, қоғамдық көлікте, шағын сауда орындарында қолдануға қолайлы. Сатып алушы кодты сканерлеп, соманы енгізеді де, төлем жасайды. Бұл сервистерді 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Банкаралық мобильді төлемдер жүйесін басқа елдердің ұқсас төлем жүйесімен байланыстыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. БАӘ, Қытай, Қырғызстан, Үндістан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Индонезиямен байланыс орнату көзделген. Демек қазақстандықтар шетелде сауда жасағанда өз банк қосымшасы арқылы төлей алады, ол үшін сатушының QR-кодын сканерлеу жеткілікті. Осындай мүмкіндік Қазақстанға келген шетел азаматтарына да қолжетімді болады.
– Мемлекет басшысы экономиканы токендендіруді және нақты секторды қаржыландыру көзін кеңейтуді тапсырған болатын. Осыған орай арнайы іс-қимыл жоспары бекітілді. Ұлттық банк жоспар аясында қандай жұмыс атқарып жатыр? Бірінші кезекте қандай активтерді токендендіру көзделген және олар инвесторларға қашан қолжетімді болады?
– «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі және «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірге активтердің тізімін жасап жатырмыз. Негізінен, тізім әлі де жасақталып, толықтырылу үстінде. Алғашқы кезеңде ірі инфрақұрылымдық, логистикалық, құрылыс нысандарына басымдық беріледі. Бастапқы пилоттық жоба ретінде «Алатау» қаласындағы «IconicTower» көпфункционалды кешені мен «Birlik» логистикалық орталығы қарастырылып отыр. KASE алаңында алғашқы цифрлық шығарылым жақын арада инвесторларға қолжетімді болады.
Сонымен қатар қатарға халықаралық технологиялық компаниялар қосылып жатыр. Олардың шикізат, табиғи ресурстарды токендендіру жобаларына деген қызығушылығы жоғары.
Қарапайым азаматтарға келсек, олар да токендерді сатып алу арқылы активтердің ортақ иесіне айнала алады. Өйткені реформаның негізгі мәні де – әрбір азаматқа нақты секторға инвестиция салу мүмкіндігін қолжетімді ету. Әрине, бастапқы кезеңде бөлшек инвесторлардың қаражатын нарықтық тәуекелден қорғау үшін инвестиция көлеміне белгілі бір шектеу енгіземіз. Дегенмен токендерді сатып алу барынша қарапайым әрі ыңғайлы болмақ. Ол үшін лицензияланған платформалар мен азаматтарға таныс төлем қосымшалары пайдаланылады. Осылайша, кез келген қазақстандық ірі жобаларға заңды түрде инвестиция сала алады.
– Сөз соңында күнделікті қолданып жүрген қолма-қол ақшаның болашағына қатысты сұрақ туындайды. Қазір елдегі тұтынушылық төлемдердің шамамен 12 пайызы қолма-қол ақшамен жасалады. Сіздің ойыңызша, қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі өсе ме? Қолма-қол ақшадан толық бас тартуға ұмтылу қажет пе?
– Қазақстан бұл бағытта біршама тәжірибе жинады. Он жыл бұрын ақша айналымының басым бөлігі қолма-қол ақшаға тиесілі болса, бүгінде бөлшек саудадағы төлемдердің негізгі бөлігі қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Көрсеткіш бойынша дамыған елдермен деңгейлес болсақ, мобильді төлемдердің жылдамдығы мен қолайлылығы жағынан олардың көбінен озып тұрмыз. Кейінгі 10 жылда халықтың қолма-қол ақшасыз транзакциясы 116 есе өсті. Қазір бөлшек сауда айналымының шамамен 90 пайызы қолма-қол ақшасыз жүргізіледі.
Ендігі өсім ауыл-аймақ, шағын бизнес, базарлар, қызмет көрсету саласы секілді жекелеген сегменттерден байқалатын сыңайлы. Осы мақсатта Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы іске қосылып, цифрлық активтер нарығы дамып жатыр. Біздің міндетіміз – азаматтар үшін қолма-қол ақшасыз төлем сервисінің қауіпсіздігін, қолайлылығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету. Соның ішінде банкаралық деңгейде қауіпсіздікті қадағалау өзекті.
Бастысы, қолма-қол ақша заңды төлем құралы болып қала береді. Ал есеп айырысу тәсілін таңдау азаматтың жеке құқығы.
Экономикада қолма-қол ақшаның рөлін зор. Ол интернет жоқ жерде, төлем сервисінсіз есеп айырысуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін маңызды. Сондықтан елдің барлық өңірінде банкноттар мен монеталардың қолжетімді болуына жағдай жасаймыз. Азаматтар өздеріне ыңғайлы төлем тәсілін пайдалана алуы керек.
Бұған дейін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан орталық банктері жыл соңына дейін ұлттық QR-төлем жүйесін интеграциялауға келіскені хабарланған болатынбыз.