16:12, 08 Шілде 2023 | GMT +5
Қазақстандық ескекші Мария Бровкова әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық ескекші Мария Бровкова Италияның Ауронзо қаласында байдарка мен каноэдан жасөспірімдер мен жастар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандық спортшының анасы әрі жеке бапкері Елена Бровкованың мәлім еткеніндей, Мария 18 жасқа дейінгілер арасында бүгін бір адамдық каноэда 500 метр қашықтықта мәре сызығын екінші болып қиды.
Қазақстандық ескекші тек мажарстандық Агнес Кисқа жол берді.
«Қызым бүгін бір адамдық каноэда 200 метр қашықтықта өнер көрсетеді. Ертең 5000 метрлік жарыста сынға түседі», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Е. Бровкова.
Мария Бровкова өткен жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында да алтын мен күміс жүлдені жеңіп алған еді. Оған кеше тағы бір алтынды қосты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық ескекші Мария Бровкованың тағы да әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.