Қазақстандық клубтардың алдағы еурокубок ойындарына төрешілер белгіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық клубтардың футболдан еурокубок ойындарындағы алдағы кездесулеріне төрешілер белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық клубтардың алдағы еурокубок ойындарына төрешілер белгіленді

UEFA Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысындағы «Астана» мен «Лудогорец» (Болгария) кездесуіне румыниялық Хорациу Фесник бас төреші болады. Оған отандастары Валентин Аврам мен Александру Черей көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі Шаболш Ковач.

Айта кетсек, бұл кездесу 10 тамызда елорда уақытымен сағат 20:00-де «Астана Арена» стадионында басталады.

Ал Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысындағы қостанайлық «Тобыл» мен Солтүстік Ирландияның «Дерри Сити» кездесуінде австриялық Вальтер Альтманн бас төреші қызметін атқарса, оған сол елден келген Роланд Бранднер мен Роберт Штайнахер көмекші болады. Қосалқы төреші де австриялық Кристофер Йегер.

Ойын 10 тамызда елорда уақытымен 20:00-де Қостанайдағы орталық стадионда өтеді.

Ал Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысында 10 тамызда елорда уақытымен 22.00-де «Ақтөбе» сырт алаңда Румынияның «Сепси» клубымен ойнайды.

Кездесуде Косоводан келген Висар Кастрати бас төреші болса, Бесник Морина, Лумтурие Мухадри қапталдағы төреші ретінде белгіленген. Қосалқы төреші де сол елден келген Албан Шала.

Еске салсақ, UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында Шымкенттің «Ордабасы» жарыс жолынан шығып қалды.