ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТАУАР: Ақтөбеде жасалған бағдаршам қала көшелеріне орнатыла бастады
Қазақстандық тауар өндірушілерге арналған көрмеге 30-дан астам кәсіпорын қатысты. Ақтөбелік жұмысшы ұзақ жылдар рентгент қондырғыларын шығаратын зауытта жұмыс істеп, ғылыми ізденіспен шұғылданған. Оның жобасына жергілікті кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетіп, ойда жүрген бағдаршам шығару идеясын жүзеге асырды. Нәтижесінде қала көшелерінде отандық бағдаршамдар жұмыс істеп тұр. Тағы бір жұрттың назарын аударғаны үлкен жүк тасу көліктеріне арналған тіркемелер.
«Ақтөбеде құрастырылатын тіркемелер еуропалық стандартқа сай. Өнімге сұраныс жоғары», - дейді мамандар. -Уақытша айында 5-6 полуприцеп шығарамыз. Жұмысшылардың да санын көбейтіп жатырмыз. Ресейге енді 2 айдан кейін экспортқа шығарамыз. Қазір, міне, құжаттарымыз, сертификаттарымыз бәрі жөнделіп жатыр, - деді кәсіпкер Ерлан Әбдіғаппар. «Қазақстанның үздік тауары» облыстық көрмесіне қатысушылар бір-бірімен өзара тәжірибе алмасып, өнімді басқа да елдер нарығына шығару мақсатында өзара ой бөлісті. Бір қуантарлығы, Ақтөбе өңірінде құрылыс индустриясымен қатар азық-түлік өнімін шығару саласы да күн санап дамып келеді. Кәсіпкерлер жаңа инновациялық технологияларды игеруге ден қойған. «Жылдан-жылға қазақстандық өнімдерді өндірушілердің саны артып келеді. Күн сәулесін, жел энергиясын, яғни баламалы энергияларды әрі қарай халыққа беру мақсатында да жаңа жобалар ашылып, сол өздерінің өнімдерін шығаруда», - деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Нұрлыбек Мұқанов.
Енді ақтөбелік кәсіпорындар жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті отандық өнімдерімен ішкі нарықты ғана емес, өзге де елдердің нарығын бағындырмақ. Байқау соңында үздік тауар шығаратын бірқатар зауыттар мен комбинаттар марапатталды.