Қазақстандықтарды іздеу үшін құтқарушыларымыз Хатайға жетті – ТЖМ басшысы Тоқаевқа есеп берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің есебін тыңдады. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Министр Президентке Түркияның жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарында қазақстандық құтқарушылардың жүргізіп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстары туралы баяндады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қиын жағдайларға қарамастан, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыса отырып, жоғары кәсібилік танытып, өз міндеттерін нәтижелі атқарып жатыр. Әзірге аман қалған 4 адам құтқарылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен құтқарушылар мен кинологтар тобы хабарсыз кеткен Қазақстан азаматтарын іздеу үшін бүгін таңертең Хатайға келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық құтқарушылардың жұмысына оң баға беріп, оларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Президент Үкіметке Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырған болатын

Сондай-ақ Президент тапсырмасымен құтқарушылар мен дәрігерлер енген Қазақстан құтқарушыларының екі тобы түрік елінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірінші эшалон – 7 ақпанда, екіншісі 8 ақпанда жетті.

Қазір Түркиядағы жер сілкінісі кезінде жоғалып кеткен қазақстандықтар іздестіріліп жатыр. Олардың бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні кешке аман табылды.

Бүгін Қазақстан құтқарушылары үйінді астынан 3 адамды аман алып шыққаны хабарланды.

Түркияның Төтенше жағдайлар мен апаттар жөніндегі басқармасының (AFAD)дерегіне сәйкес, 6 ақпан күні Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін 648 афтершок болды. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді.

Соңғы мәліметке сәйкес, зілзала салдарынан 12 391 адам көз жұмды, 62 914 адам жарақат алды.

Ал Сирия денсаулық министрлігінің соңғы ақпаратына сүйенсек, елде кем дегенде 2,8 мың адам қаза болды, 5 мыңнан астам адам жарақат алды.


Соңғы жаңалықтар