Қазақстандықтардың Ресей ЖОО-ларында білім алу мүмкіндігін кеңейту мәселесі қаралды - Б.Жұмағұловтың сапары

АСТАНА. 12 ақпан. ҚазАқпарат - 11 ақпан күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі (БҒМ) Бақытжан Жұмағұловтың Мәскеуге жұмыс сапары басталды.
None
None

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Сапар барысында БҒМ басшысы Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрі Дмитрий Ливановпен, Ресей Федарациясы Президентінің көмекшісі Андрей Фурсенкомен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы білім және ғылым саласындағы қарым-қатынастар бойынша бірқатар мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, отандастарымыздың Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде мәселе көтерілді.

Сондай-ақ, екі ел министрліктері арасында Қазақстан Республикасында орналасқан ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары мен өкілдіктерінің білім беру қызметінің сапасын көтеру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ғылыми саладағы ынтымақтастық мәселесі де талқыланды. Б.Жұмағұлов өзінің ресейлік әріптесіне Қазақстан Президентінің бастамасымен әзірленген ғылымды басқарудың жаңа үлгісі сәтті енгізілгендігі туралы баяндады. Қазіргі таңда қазақстандық ғылым негізгі, бағдарламалық-мақсатты, гранттық негізде қаржыландырылады.

Сондай-ақ, министр М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничимен кездесті. Кездесу барысында білім, ғылым және инновацияның интеграциясы, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың сапасын арттыру, студенттермен және ғалымдармен алмасу бойынша бірлескен жоспарлар талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша Ресей мен Қазақстан ректорларының форумын өткізу туралы шешім қабылданды. Қазақстандық ведомство басшысы алдағы форумды Еуразиялық зерттеу кеңістігін қалыптастыру мәселелеріне арнауды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар