Қазақстанға 87 елдің азаматы визасыз келе алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанға 87 елдің азаматы визасыз келе алады, тағы 107 елдің азаматы электронды визамен кіре алады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметтің бүгінгі отырысында баяндады.

виза
Фото: montsame

− Туристің жолы әуежайдан басталып, қонақ үй, мейрамхана мен туристік нысандарға дейін жалғасады. Осы аралықта әрбір кезеңде қолайлы жағдай жасалу қажет. Соңғы жылдары Қазақстан шетелдік туристер үшін анағұрлым ашық елге айналды. Бүгінде 87 елдің азаматы Қазақстанға визасыз, тағы 107 елдің азаматы электронды визамен кіре алады, − деді сала министрі.

Сонымен бірге, әуе қатынасы да кеңейіп келеді. «Ашық аспан» саясатының арқасында өткен жылы 22 жаңа маршрут іске қосылды. Биыл тағы 32 маршрут жоспарланып отыр.

− 2024 жылы елге 15,3 миллион турист шетелден келген. Сондай-ақ, 10 миллионнан астам ішкі турист ел ішінде саяхаттаған. Осыны ескере отырып, әсіресе жазғы маусымға барлық деңгейдегі органдар мұқият дайындалуы қажет, − деді Е. Мырзабосынов.

Бұған дейін Алматы мен Астанадан Алакөлге жету жеңілдей түскені хабарланған еді. Үржар ауданына алғаш рет «SCAT» әуе компаниясының ұшақтары қатынай бастады.

Сондай-ақ, Қытайдан келген туристер легі 9 есеге артқан.

Соңғы жаңалықтар