Қазақстанға атом электр станциясы қажет пе
Атом энергетикасы өнеркәсіп пен ел экономикасының дамуына елеулі ықпал етеді. Қазақстанда уран өнімдерін өндіру саласында барлық қажет мүмкіндік бар. Елімізге тұрақты базалық генерация және таза энергияның көзі керек. Бұл ретте АЭС салынса, ол тұтынушыларды қымбат емес әрі экологиялық электр энегиясымен қамтитын болады. Бұл туралы отандық ғалымдар Алматыда өткен басқосуда айтты, деп хабарлайды Kazinform.

АЭС салынса Чернобыль апаты секілді апат болуы мүмкін бе?
Қазақстан 2009 жылдан бері уран өндіруден әлемде бірінші орында және уранның барланған қоры бойынша екінші орында. Бұл туралы «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин айтты.
Егер еліміздің барланған қорлары туралы айтар болсақ, энергия тасымалдаушылар бойынша бірінші орында бізде уран тұр. Ол бүгінде арзан бағаға шетелге кетіп жатқан біздің негізгі энергия тасымалдаушымыз болып тұр. Сондықтан бүгінде Қазақстанда атом энергетикасын дамыту өте орынды мәселе деп санаймын. Негізі мұндай жобаны 90-шы жылдары бастамақшы болған. Алайда, күрделі қаржылық жағдайға байланысты ол кезде іске аспаған еді. Екінші жоба Маңғыстауда қарастырылды. Ол да іске аспай қалды. Дегенмен, атом саласы біз үшін таңсық дүние емес. Бізде бүгінде жақсы кадрларымыз бен әлеуетіміз бар, Ұлттық ядролық орталығы, Ядролық физика институты жұмыс істейді. Олар ұзақ жылдар бойы атом реакторларын пайдаланып келе жатыр, ал бұл реакторлар атом электр станцияларынан айтарлықтай өзгеше емес. Бұл ретте бізде үлкен тәжірибе бар», - деді Тимур Жатикин.
Ол елімізде АЭС салынса, Черноболь апаты секілді апат болмайтынын айтты.
«Чернобыль апатының болу себебі онда жоғары қуатты каналдық ректорлар болды. Бүгінде ондай реакторларды салмайды әрі біз ондай жобаларды біз қарастырған жоқпыз. Ал Фукусимада қайнайтын реакторлар болды. Ал олар екінші буынға жатады және олар аздап ескірген. Біз тек үшінші және + үшінші буынның реакторларын қарастырдық. Бұл ретте су реакторлары сенімді конструкция ретінде ұсынылды. Егер апатты жағдай болған жағдайда, барлық радиоактивті және басқа да заттар қуатты контейнердің ішінде қалады. Яғни, сыртқа, қоршаған ортаға ештеңе шықпайтын болады. Яғни, бүгінгі заманауи реакторларды өте сенімді деп айта аламыз», - деді ғалым.
Ол сондай-ақ Қазақстанда АЭС салу жөнінде 4 әлеуетті жеткізуші: ресейлік «РосАтом», қытайлық «CNNC», кореялық «KHNP» және франциялық «IDF» команиялары бар екенін айтты.
«Бүгінде біз франциялық Assystem компаняисымен бірге критерийлер жүйесін жетілдірдік және бізге ұсынылған жобаларға салыстырмалы талдау жасап жатырмыз. Онда жаңа мәліметтер анықталуда және онда экономикаға қатысты шешуді қажет ететін мәселелер бар. Негізі жоғарыда аталған төрт компания да іс жүзінде бірдей десе болады», - деді «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.
АЭС елімізді бір ғасыр бойы электр энегриясымен қамтамасыз ете ме?
Ядролық физика институтында болашақта Қазақстанда салынатын АЭС-тің құрылымына ұқсас «су-су Қазақстан реакторы» (CCР-Қ) қондырғысы бар. Ол 60 жылға жуық уақыт болды оқыс оқиғасыз жұмыс істеп келеді. Бұл туралы Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев айтты.
«Институт базасындағы негізгі қондырғылардың бірі «су-су Қазақстан реакторы» (CCР-Қ). Бүгінгі күні Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) АЭС пен атом реакторларына қоятын талабы бірдей. Ал әлемдегі ең қауіпсіз AЭС түрі — су-cу энергетикалық реакторы болып саналады. Бұл ретте еліміздегі жалғыз стационарлық ғылыми-зерттеу реакторы ССР-Қ 1967 жылдан бірден-бір оқыс оқиғасыз жұмыс істеп келеді. ССР-Қ зерттеу реакторының құрылымы болашақта Қазақстанда салынатын АЭС-тің құрылымы іспеттес. Демек Алматының төменгі жағында 56 жылдан бері атомдық электр станциясы жұмыс істеп тұр десек те болады», - деді Саябек Сахиев.
Оның сөзінше қазақстандықтарда Семей полигонының зардабынан қалған фобия бар.
«Алайда АЭС дегеніміз ол базалық электр энегрия. Ол 100 жыл уақыт дерлік үздіксіз электр энергиямен қамтамасыз ететін болады. Меніңше АЭС салатын компанияның барлығы алғашқы 60 жылға кепілдік береді. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей АЭС ең аз дегенде 80 жыл жұмыс істейді. 80 жылдың ар жағында 100 жыл да алыс емес», - деді Ядролық физика институтының бас директоры.
АЭС салынса қандай мамандар мен ғалымдар көбейеді?
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, профессор Медеу Әбішевтің айтуынша, атом энегретикасы жел, күн энгегиясынан қарағанда тұрақты энергия береді.
«Күн, жел энегриясы табиғи жағдайға байланысты болған соң, барлық уақытта керекті қуатты қамтамсыз ете алмайды. Сол себепті жасыл энергия көздерінің диверсификациясы міндетті түрде қажет. Ол көздердің бірі ретінде АЭС-ты алған маңызды. Жалпы, радиофобия деген жақсы нәрсе емес, екіншіден атом энергетикасын дамыту бізде қажетті мамандардың көбеюіне әкеледі. Ол мамандар елімізде радиоактивті ластанған жерлерді тазалауға керек. Негізі елімізде ядролық техгологиямен айналысатын адамдар бар, алайда олардың санын көбейту керек. Себебі, дамыған мемлекет болу үшін онда ядролық технологиямен айналысатын ғалымның саны көп болу керек», - деді профессор Медеу Әбішев.
Ол сондай-ақ биыл ҚазҰУ-да болашақта ядролық технологиямен айналысатын мамандарды дайындайтын «ядролық инженерия» мамандығы ашылғанын айтты. Қазір онда аталған салаға қызыққан жастар білім алуда.
Болашақта АЭС салынуы мүмкін Үлкен ауылы сейсмоқауіпті аймақ па?
Болашақта АЭС салынуы мүмкін Үлкен ауылы сейсмоқауіпті аймақ емес. Бұл туралы Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Бірлесбек Алияров айтты.
«Францияда 50 жыл болды АЭС жұмыс істеп келеді. Онда осы уақытқа дейін ешқандай оқыс оқиға болған жоқ. Ал Фукусимада болған апат табиғи жағдай - цунамиге байланысты болды. Сондықтан оларға АЭС-ты судың жағасына салмауы керек еді. Бізде болашақта АЭС салынуы мүмкін Үлкен ауылы сейсмоқауіпті аймақ емес. Негізі Қазақстанда сейсмоқауіпті аймақ жоқ десе болады. Рас, бізде төмен баллда жер сілкіністері болып тұрады, әсіресе Алматыда», - деді Бірлесбек Алияров.
Айту керек, елімізде атом электр станциясын салуға дайындық процесі жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдаудан бұрын басталған еді. Осы уақыт ішінде әлеуетті вендорлар (АЭС салатын компания) қарастырылған. Қазіргі таңда Энергетика министрлігі вендорды таңдау туралы шешім қабылдау процесін тоқтатты, бірақ орнатылған байланыстар негізінде консультацияларда техникалық мәселелер қаралып жатыр.
Сонымен қатар, елімізде АЭС салуға қатысты алуан түрлі пікірлер айтылып жүр. Көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағында АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданатынын айтқан еді.
Еске салсақ, 2022 жылдың маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр стансасының қай аймақта салынатыны белгіленгенін айтты.
Биыл ақпан айында Алматыда «Атом электр стансаларының мүмкіндіктері» тақырыбында жиын өтіп, АЭС құрылысы еліміздің дамуына қалай әсер ететіндігі сөз етілген еді.
Сондай-ақ Президен соңғы Жолдауында атом электр стансасын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу қажеттігін айтқан болатын.