Қазақстанға екі елдің басшысы ресми сапармен келеді

АСТАНА. KAZINFORM — 5-6 қараша күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келеді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияр хабарлады.

Ақорда
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективасы талқыланады.

5-7 қараша күндері Мемлекет басшысының шақыруымен елімізге Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон ресми сапармен келеді.

Екі елдің көшбасшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайту мәселелерін қарастырады.

6 қараша күні Астанада Ақаба процесі саммиті өтеді. Жиынға бірқатар мемлекеттің басшылары қатысады.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапармен барғанын хабарлаған едік.