Қазақстанға халық санының өсуі несімен маңызды – демограф пікірі

14 қараша күні таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғындары атанды. Еліміз өз тарихында алғаш рет 20 миллиондық межеге жетіп отыр. Осы орайда демограф Аяулым Сағынбаева Қазақстанға халық санының өсуі неліктен маңызды екенін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

Аяулым Сағынбаева
Фото: Kazinform

«Әрине, ең негізгісі – ұлттық қауіпсіздік. Әсіресе шекара маңындағы аумақтарда халықтың орналасуы бірінші кезекте маңызды. Халықтың саны өспейтін болса, онда экономикалық-әлеуметтік даму болмайды. Өйткені барлығы адам үшін жасалады және оны адамдар жасайды. Халықтың саны жеткіліксіз болса, инвестициялар да көп келмейді. Қазіргі таңда неге инвесторлар көбіне Өзбекстанға кетіп жатыр? Өйткені, онда халық саны көп және тұтыну нарығы мен арзан еңбек күшін табуға мүмкіндік бар. Тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақстанда халық саны 16 миллион болды және 90 жылдары жаппай эмиграция мен туу көрсеткішінің төмендеуі халық санын едәуір азайтты. Бұл 16 миллиондық межеге Қазақстан 2009 жылы ғана қайта жетті», - деді демограф агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Сарапшы, пандемияға қарамастан, еліміздің 20 миллиондық межеге жете алғанын, мұндай өсім ел тарихында болмағанын атап өтті.

«Осы демографиялық өзгерістерге қарап, тұтас әлеуметтік және экономикалық саясатты жаңарту үшін жаңа бастама берілгенін түсінуіміз керек. Еліміздің өткен ғасырда қандай зауалды бастан кешіргенін ескерсек, демографиялық, жаһандық сын-қатерлерді ескерсек, мұның маңызды жетістіктердің бірі екенін түсінуіміз керек. Пандемия кезінде бізде демографиялық жағдайдың күрт нашарлауы болған жоқ. Біз 20 миллионыншы тұрғынның дүниеге келгенін айтып қана қоймай, одан әрі саясатты жүргізуіміз керек», - дейді А. Сағынбаева.

Маманның айтуынша, елімізде туу көрсеткіші бойынша Түркістан, Маңғыстау және Атырау облыстары дәстүрлі түрде көш бастап тұр. Мұндай үрдісті жас құрылымымен, этникалық құраммен байланыстыруға болады, яғни бұл өңірлерде қазақтар мен басқа да азиялық этностардың өкілдері көбірек тұрады.

«20 миллион адам – жай ғана цифр емес. Оның жағымды жақтарымен қатар, салдары туралы да ойлану керек. Әрбір туған бала – біздің адами капиталымыз. Оның қай жерде оқитынын, алған білім сапасы қандай болатынын, денсаулығын, оған қолжетімді жағдайлар мен игіліктерді, әр баланың әлеуетін қалай жүзеге асыруға болатынын ойлау қажет. Әрине, бұл бірінші кезекте ата-аналардың жауапкершілігі. Екіншіден, заңның сақталуы, тиісті саясатты қалыптастыру – қоғам мен мемлекеттің жауапкершілігі», - деп толықтырды демограф Аяулым Сағынбаева.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды халық санының 20 миллионға жетуімен құттықтаған еді

Соңғы жаңалықтар