Қазақстанға шетелден еңбек мигранттары қалай келе алады

Бұл сұраққа ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан аумағына шетел азаматтарының келуі үшін рұқсат ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес беріледі. Сондай-ақ, біздің елде өз кәсібі немесе қызметін ұсынғысы келген заңды тұлғалар жергілікті атқарушы органның атына ресми хат жолдауы тиіс. Ол хатта Қазақстанға не үшін келетінін, қандай қызмет немесе кәсіппен айналысатынын ашып көрсетуі тиіс. Сол хаттың негізінде комиссия шешім шығарады. Егер ұсынылған жобаның Қазақстан үшін және халықтың әлеуметі үшін тиімді болып табылса, ол ұсыныс ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылады. Ведомствоаралық комиссияның отырысы аптасына бір рет өтіп тұрады», - деді С. Сейітжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Қазақстан аумағында еңбек еткісі келген шетел азаматы ведомствоаралық комиссияның оң шешімінен соң СІМ, ІІМ және шекары қызметінің атына біздің елге келуі жөніндегі хаттама жолдауы тиіс.
Сондай-ақ, елімізге келетін әрбір шетел азаматына санитарлық талаптардың жіті түсіндірілетіні айтылды.
Бұған дейін ҚР ІІМ Көші-қон комитетінің өкілі елімізде 4,6 мыңнан астам азаматтың жеке куәлігі жоқ екенін мәлім етті.
Одан бөлек, С.Сейітжанов Қазақстанда азаматтығы жоқ 7 мың адамның тіркелгенін айтты.