Павлодарда қоғамдық көлікті субсидиялауға 20 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Субсидия бөлінбеген жағдайда жолақының орташа құны Павлодар қаласында — 500, Ақсу қаласында — 600, Екібастұзда 540 теңге болар еді. Өңірлік жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының дерегінше, облыс бойынша 122 әлеуметтік бағытқа бюджеттен субсидия қарастырылған.

Павлодарда қоғамдық көлікті субсидиялауға 20 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған
Фото: Валерий Бугаев

— Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялауға жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу базасына сәйкес 19,7 млрд теңге бөлінеді. Өңірдегі үш қаладағы автобус парктерінде 300 автобус бар. Соңғы 3 жылда 272 жаңа әрі жайлы автобус сатып алынды, Нәтижесінде қалалық автобус парктері 90%-ға жаңарды. Атап айтқанда, Павлодарда — 213, Екібастұзда — 49, Ақсуда 10 жаңа қоғамдық көліктер күнделікті жолаушыларды тасымалдайды. Қалған 28 автобусты 2026 жылдың соңына дейін жаңарту жоспарланған, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне басқарма басшысының орынбасары Нариман Омар.

Оның сөзінше, облыстың үш қаласы бойынша қоғамдық көліктегі жолақы электронды төлем кезінде 100 теңге, ал қолма-қол ақшамен 200 теңге болып белгіленген. 

Павлодарда қоғамдық көлікті субсидиялауға 20 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған
Фото: Валерий Бугаев

Егер бюджеттен субсидия бөлінбеген жағдайда орташа жолақысы Павлодар қаласында — 500 теңге, Екібастұз қаласында — 540 теңге, ал Ақсу қаласында — 600 теңге болар еді.
Атап өтерлігі, 2025 жылы әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көлік бағыттарына облыс бойынша 18,6 млрд тенге бөлінген.

Бұған дейін Астана мен Павлодар арасына рейстік автобус жүре бастағаны туралы жазғанбыз. 

Сондай-ақ Павлодарда қоғамдық көлікті оңтайландырудың нәтижесінде 4 млрд теңге қаражат үнемделгенін хабарлағанбыз. 

Соңғы жаңалықтар